Қостанай облысында ірімшіктің 20 түрін шығаратын зауыт іске қосылады

0
342

Жобаның құны 7,2 млрд теңгені құрайды.


Қостанай облысында ірімшіктің 20 түрін шығаратын зауыт іске қосылады

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде АӨК-тегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Осы тапсырма шеңберінде өңірлерде агроөнеркәсіптік кешеннің шикізаттық бағытынан инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға көшу бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қостанай облысында 2024 жылдың қараша айында «Милх» ірімшік өндіру зауыты пайдалануға беріледі.

Жобаның құны 7,2 млрд теңгені құрайды, толық қуаты іске қосылған кезде кәсіпорын тәулігіне 250 тоннаға дейін сүт өңдеп, қатты ірімшіктердің 20-дан астам түрін өндіреді. Өндіріс қуаттылығы жылына 2 мың тонна ірімшікті өңдеуге мүмкіндік береді. 35 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі уақытта нысанда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, цехтың металл қаңқасы орнатылды, ғимараттың еденіне стяжка жасалды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Неміс өндірісінің көптеген жабдықтары қазірдің өзінде әкелінген.

«Милх» ЖШС Қостанай облысында 27 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі қызмет түрі – сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығару. Қазіргі уақытта кәсіпорында сүт өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады, оның ішінде Қазақстан мен Ресей өңірлерінде сатылатын қатты ірімшіктер мен балмұздақ түріндегі жоғары өңделген өнімдер бар.

Қостанай облысына СҚО тәжірибесін тираждау жобасы аясында 2023 жылы қуаттылығы 400 бастан басталатын сүт-тауар фермаларының құрылысына жеңілдікпен кредит беру үшін 15 млрд теңге бөлінді. Құрылысы жоспарланған 6 СТФ-тың біреуі пайдалануға берілді.