Ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
фото: Sputnik / Тимур Батыршин
ERNUR.KZ. Қостанай облысында 22 жастағы жігіт екі студенттен ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінді, деп жазады sputnik.kz.
"Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Қостанай қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Ол екі студенттен ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінді", - деп жазылған хабарламада.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсетіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Соның салдарынан зардап шеккендер оған 1 миллион теңгеден астам қаражат берген.
"Қазіргі таңда күдіктіге тұрғылықты жерден шықпау туралы қолхатпен бұлтартпау шарасы қолданылды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді полицейлер.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігіне сәйкес, оған жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қолданылуы мүмкін.
Тергеу жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің басқа да бопсалау деректеріне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.