"Мансап компасы" цифрлық сервисі пайдаланушыларға болашақ мамандығын анықтауға және мансапты жоспарлауға көмектеседі.
ERNUR.KZ. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов кадр даярлау бағыттарындағы негізгі цифрлық бастамаларын таныстырды, деп жазады baq.kz.
Оның айтуынша, "Мансап компасы" цифрлық сервисі пайдаланушыларға болашақ мамандығын анықтауға және мансапты жоспарлауға көмектеседі.
Сондай-ақ, Skills Enbek онлайн-платформасы дағдыларды дамыту мен мамандарды қайта даярлауға бағытталған.
Enbek.kz порталында студенттік тәжірибені ұйымдастыру бойынша цифрлық функция іске асырылған.
Вице-министрдің айтуынша, Еңбек министрлігі үшін еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді бағалау мақсатында цифрлық құралдарды дамыту – басым міндеттердің бірі.
Бұл бағытта азаматтар мен бизнеске арналған көптеген сервистерді біріктіретін әлеуметтік-еңбек саласының кешенді цифрлық экожүйесі қалыптасты. Оның маңызды элементтерінің бірі – цифрлық отбасы картасы мен цифрлық кәсіпорын картасы, – деді Биахметов.
Оның айтуынша, бүгінде еңбекке орналастыру саласында ең озық технологиялар – жасанды интеллект агенттерін қолдану мәселесі қарастырылып жатыр.
Болашақта цифрлық отбасы мен кәсіпорын карталарының өзара байланысы бос жұмыс орындары мен оқыту бағдарламаларын адам қатысуынсыз автоматты түрде іріктеуге мүмкіндік береді. Біздің цифрлық өнімдер пайдаланушының бірегей профилі мен нарық трендтеріне сүйене отырып, қажеттілікті анықтап, лайықты жұмыс пен оқыту курстарын автоматты түрде ұсынатын болады, – дейді вице-министр.