ҚОСТАНАЙ: Өңірде тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау - басты назарда

0
628

Қостанай облысының негізгі салаларында оң өзгерістер көп.


ҚОСТАНАЙ: Өңірде тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау - басты назарда

(фото: Қостанай облысының әкімдігі)

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде білім мен ғылым, тұр­ғын үй, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, медицина сынды салалардың сапасын жақсарту көзделген. Ал, негізгі бағыт тұрғындардың өмір сүру салтына тікелей әсер ететін дүниелердің сапасын одан әрі арттыру.
Қазіргі таңда барлық өңірде осы жүйе бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Сәйкесінше, аз уақыттың ішінде көрсетілген нәтиже да жаман емес. Өз кезегінде бұл мәселелердің оң шешілуі экономикаға да өз септігін тигізуде. Бүгінде барлық облыс аумағында бекітілген жоспарға сәйкес, қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.
Аталған бағыт бойынша Қостанай өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.
Қостанай облысы — Қазақстан Республикасының солтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бірлігі. 1936 жылы 29 шілдеде бұрынғы Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде құрылған. Облыс орталығы – Қостанай қаласы. Жер аумағы 196 мың км². Қостанай облысы солтүстік-батысы мен солтүстігінде Ресейдің Орынбор, Челябі, Қорған облыстарымен, шығысында және оңтүстік-шығысында Қазақстанның Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарымен, оңтүстік-батысында Ақтөбе облысымен шектеседі. 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша халық саны 831,8 мың адамды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 10-орында тұр.
Қостанай облысында тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру мен өмір сүру сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл өз кезегінде өңірлік экономиканың дамуына тікелей әсер етеді.
Жалпы өңір экономикасының едәуір үлесін өңдеу өнеркәсібі қалыптастырады. Ал, өңір өнеркәсібінің құрылымында өңдеу саласы 69,8 пайызды алады. Өңдеу өнеркәсібіндегі ең үлкен үлес машина жасау және тамақ өнімдерін өндіруге бағытталған. Екінші кезекте ең көп үлес өңдеу саласына тиесілі – 64,2%, тау – кен өндіру саласына – 32,6%, электрмен жабдықтау - 2,5, сумен жабдықтау - 0,7%.
Облыста 900-ден астам кәсіпорын өнеркәсіп өнімдерін өндірумен айналысады. Аталған кәсіпорындарда 42 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сәйкесінше, өнеркәсіп саласындағы жетістіктер күн санап артып келеді. Атап айтатын болсақ, өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындары 2 441,3 миллиард теңге сомасына өнім өндірді. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға жоғары.


Ал, тау-кен өндіру саласында 796,1 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Оның ішінде темір кені концентратын өндіру 42,0 пайызға, боксит өндіру 4,4%-ға, шекемтастар өндірісі 8,1%-ға төмендеген. Сонымен қатар, құрамында алтыны бар кенді өндіру 1,0 пайызға, мыс кенін өндіру 62,3%-ға дейін артты. Өңдеу саласында 1 567,8 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Оның ішінде жеңіл автомобильдердің өндірісі 16,7% , өңделмеген алтын өндірісі 21,1%, шоколад 16,1%, ұн өндірісі 20,0 пайызға артты.
Одан бөлек, комбайндар өндірісі 14,8%, орақтар 5,8% және сыра өндірісі 5,8 пайызға төмендеді.
Негізінен Қостанай облысы темір кені, құрамында алтын бар кен, боксит, асбест, отқа төзімді және кірпіш саздар, цемент саздары, құрылыс тасы кен орындарына өте бай.
Нәтижесінде облыс аумағында темір және алтын кен өндіру, боксит, асбест, машина жасау, азық-түлік өндірісі, құрылыс индустриясы, астық өсіру және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Облыстың темір кені шикізаты Соколов, Сарыбай, Қоржынкөл және Қашар кен орындарында шоғырланған. Сондай-ақ, облыс аумағында әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі хризотил-асбест Жітіқара кен орны бар.
Облыс кәсіпорындарында 618,1 миллиард теңге сомасына өнеркәсіптік өнім шығарылды. Ал, мыс кен өндіру 43,3%, көміртектенбеген кен өндіру 30,0%, құрамында алтын бар кеңдер өндіру 11,6%, темірді қойытапалар 38,6%, теміркенді шекемтастар 23,7%, бокситтер 13,2%, мыс қойыртпалары 2,9 пайызға ұлғайды.
Сонымен қоса, ет және қосымша тамақ өнімдерін өндіру 48,6%, кондитерлік өнімдер 75,7%, сары май 56,4%, ұн 1,5%, нан 7,9%, өңделген сүт 11,5%, жеңіл автомобильдер 51,2%, жүк автомобильдері 10,9%, тракторлар 37,9%, комбайндар өндірісі 23,3-ға артты.
Бұлардан бөлек, облыс экономикасын дамытуда бизнес субъектілерінің еңбегі зор. Бүгінде өңірде 63 721 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 2 138,6 миллиард теңге көлемінде өнім шығарды. Облыс кәсіпорындарында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 249 547 теңгені құрады.
Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17,9 пайызға өсіп, 102,1 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде негізгі үлес кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың өз қаражатына тиесілі. Алдағы уақытта өңірге инвестиция тарту мақсатында 2,8 триллион теңгеден астам сомаға 61 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.


Биылғы жылы 134,0 миллиард теңгеге 10-нан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалар іске асса 1,8 мың жұмыс орнын ашылады. Ал, бүгінге дейін 1 жоба іске асырылып, 100 жұмыс орны ашылды. Аталған жобаның құны 1,3 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ, өңірде сауда көлемі де өсуде. Атап айтатын болсақ, бөлшек сауда 4,3 пайызға, көтерме сауда 2,0%-ға артты. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында мемлекеттік бюджетке 101,4 миллиард теңге салық және міндетті төлемдер түсті. Оның ішінде 59,8 миллиард теңге республикалық бюджетке, 41,6 миллиард теңге жергілікті бюджетке тиесілі.
Қостанай облысында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту мақсатында 500-ге жуық денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді.
Оның ішінде 451 амбулаториялық-емханалық ұйым, 29 стационарлық ұйым, жедел медициналық жәрдем станциясы, 1 ЖИТС орталық, 7 емхана, 40 дәрігерлік амбулатория, 73 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Облыста 1 915 дәрігер және 6 117 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.
Облыс бойынша 10 000 тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамту көрсеткіші 22,24, орта медицина қызметкерлерімен 71,03 пайызды құрайды. Ал, өңірдегі медициналық ұйымдардың төсек қоры 4 364 кереуетті құрайды.

Соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарының қызметіне ерекше көңіл бөлініп жүр. Нәтижесінде облыс аумағында аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, медицина саласы айтарлықтай дамып келеді. Атап айтар болсақ, ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеген. Сондай-ақ, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2,9-дан 1,9-ға дейін, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 85,9-дан 82,1-ге дейін төмендеді.


Ал, өңірде білім беру саласында 775 ұйым тіркелген. Оның 684-і мемлекеттік, 91-і жекеменшік. Аталған тізімде 186 балабақша, 6 жекеменшік шағын орталық, 455 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектеп, 5 кешкі мектеп, 9 жекеменшік білім беретін нысан бар. Сондай-ақ, 34 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру нысаны және 24 арнайы білім беру ұйымдары тіркелген. Одан бөлек, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 8 ұйым, 47 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Жеке-жеке айтатын болсақ, облыс аумағында 475 жалпы орта білім беру нысаны бар. Оның ішінде 455 күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер, 6 арнайы білім беру ұйымдары, 5 кешкі және 9 жекеменшік мектеп тіркелген. Жалпы білім беретін мектептердің 112-і мемлекеттік тілде, 115-і аралас тілде оқытады.

Облыс аумағында білім сапасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі ретінде облыс аумағында салынып жатқан заманауи әрі жайлы мектептерді айтуға болады. Оның ішінде білім беру нысандарындағы орын тапшылығын жою мақсатында 2025 жылға дейін 7 500 орындық 9 заманауи мектеп салу жоспарлануда. Аталған білім беру нысандарының құрылысына 45,1 миллиард теңге бөлінеді. Тарқатып айтар болсақ, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында 4800 орындық алты мектеп және 2024-2025 жылдары 700 орындық 3 мектеп салынады.
Нақтырақ айтсақ, ұлттық жоба аясында Қостанай қаласы Береке шағын ауданында 1200 орындық екі мектеп, Әуежай шағын ауданында 900 орындық, Арқалық қаласында 300 орындық, Құсмұрын кентінде 300 орындық, Заречный кентінде 900 орындық, Рудный қаласында 1200 орындық және Қостанай қаласының Қонай-2 шағын ауданында 1200 орындық, Тобыл қаласында 1200 орындық, Жітіқара қаласында 300 орындық мектептің құрылысы жүргізіледі.
Ал, өткен жылы Қарабалық ауданында 320 орындық мемлекеттік тілде оқытатын мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қостанай қаласында 1 880 орындықты құрайтын 2 мектептің құрылысы басталды. Одан бөлек биыл «Береке» шағын ауданында 980 орындық және «Қонай» шағын ауданында 900 орынға арналған білім нысаны қолданысқа беріледі. Сонымен қоса, Қостанай облысының әкімдігі мен Еуразиялық топтың кәсіпорындары арасында «Рудный қаласында 1 200 орындық мектеп салу» жобасын іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды.
Облыс аумағында жекеменшік мектептер саны жыл санап артып келеді. Атап айтатын болсақ, Қостанай қаласында қазақ тілін тереңдетіп оқытатын 280 орынға арналған «QAZBILIM» лицейі ашылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 520 орынға арналған «KAZGUU SCHOOL» кәсіпкерлік мектебі ашылады деп жоспарлануда.
Одан бөлек, мектептерге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 20 оқу ордасында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бөлінген 5,1 миллиард теңгеге 17 мектеп, 1 балабақша, 1 колледж, 1 жатақхана жөндеуден өткізіледі.
Облыс аумағында балаларды қосымша біліммен қамту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда оқушыларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 77 пайызды құрайды.
Сондай-ақ, өңірде 4 мыңға жуық түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Бүгінде 72 мыңнан астам бала қызығушылықтары мен бейімділігі бойынша түрлі курстарға қатыса алады. Одан бөлек, 30 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 20 мыңнан астам бала спортпен айналысады.
Айта кетейік, облыс аумағында 10 мыңға жуық ерекше күтімді ұажет ететін бала бар. Осы мақсатта 24 арнаулы білім беру ұйымдары қызмет атқарады. Атап айтсақ, 6 арнайы мектеп және мектеп-интернат, 14 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы бар. Сондай-ақ, 14 жалпы білім беретін мектептер жанынан 14 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Оған қосымша өткен жылы Меңдіқара, Қостанай, Амангелді, Сарыкөл және Жітіқара аудандары және Б.Майлин аудандары мен Қостанай, Рудный қалаларында тағы 10 кабинет ашылды. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 8, «Дара» жекеменшік қоры қаражаты есебінен 2 кабинет ашылды.
Осылайша, бүгінгі таңда облыста 14 инклюзияны қолдау кабинеті 1 ресурстық орталық және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 1 арнайы сынып жұмыс істейді. Жалпы 2022 жылы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 650 балаға түзету қолдауы және мектептер жанынан құрылған 126 логопедиялық пункттерде 2 959 баламен сабақ өткізілді.
Бұдан басқа, 1-ден 11-сыныпқа дейінгі 500-ге жуық мүгедек бала жеке бағдарламалар бойынша үйде білім алады. Ал, 4 мыңға жуық бала 377 жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім берумен қамтылған.
Білім сапасын арттыру тікелей мұғалімдерге қатысты екені белгілі. Бүгінде осы мәселеге қатысты барлық өңірде мұғалімдердің біліктілігін арттыру және педагог тапшылығын жою жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Қостанай облысында да қызу жүргізіліп жатыр.
Бүгінде облыс аумағында білім беру саласында 13 820 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде 12 285- мұғалімнің жоғары білімі бар. Ал, қолданыстағы формат бойынша біліктілік санаттарында 110 «педагог-шебер», 2 «педагог-зерттеуші», 303 «педагог-сарапшы», 3 225 «педагог-модератор» бар.
Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарында 598 педагог жұмыс істейді. Аталған мұғалімдердің 89,8 пайызы жоғары білімді және 9,9 пайзы орта білімді. Оның ішінде 142 «педагог-модератор», 1 «педагог-шебер», 68 «педагог-сарапшы», 81 «педагог-зерттеуші» бар.
Облыста 34 техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым бар. Онда 22 392 студент оқиды. Сондай-ақ, 25 жатақхана жұмыс істейді. Өңірде студенттердің 66 пайызы жатақханамен қамтылған.
Облыс аумағында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында 186 балабақша, 350 шағын орталық қызмет атқарады. Сәйкесінше, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында 3 436 педагог қызмет атқарады. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарға кезек 2 жастан 6 жасқа дейін 3 776 баланы құрайды. Балабақшаға кезекте тұрған ең көп өңірлер қатарында Қостанай, Рудный, Қостанай ауданы, Жітіқара және Арқалық аудандары бар.
Қостанай облысында бұқаралық спорт түрлерін дамыту жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, спортпен тұрақты айналысатындардың қатарын көбейту бағытында түрлі жобалар іске асырылуда.
Атап айтатын болсақ, бүгінде облыс аумағында 15 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 6050 секцияға артық. Спорт секцияларының 6649 секциясы ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Қостанай облысында 1705 дене шынықтыру ұжымы, оның ішінде ауылдық жерлерде 1182 ұжым бар.
Қазіргі уақытта спорт секцияларында спортпен шұғылданатындар саны 280 мыңнан асты.


Тіпті облыс аумағында да спортпен тұрақты шұғылданатындар саны едәуір артқан. Нақтырақ айтсақ, бүгінде облыс бойынша 350 мыңға жуық азамат дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен қамтылған. Яғни облыс тұрғындарының жалпы санының 41,9 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады.
Бүгінде дене шынықтыру және спорт саласында 3 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Аталған көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 21 адамға артық екені анықталды. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде штаттық қызметкерлер саны 24 адамға артып, жалпы саны 1500-ге жуықтады. Аталған дене шынықтыру қызметкерлерінің 97,3 пайызы мамандық бойынша білім алған.
Одан өзге, Қостанай өңірінде мәдени іс-шаралар да көптеп өткізіліп тұрады. Осы мақсатта Қостанай облысында 341 кітапхана, 244 мәдени-демалыс ұйымы, 9 музей, 4 театр, филармония, 6 кинотеатр, 2 мәдениет және демалыс саябағы жұмыс істейді.
Өткен жылы облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және киновидеофонд орталығы мен облыстық филармония 250-ден астам іс-шара өткізді. Ал, облыс театрлары 800-ге жуық спектакльді көрермен назарына ұсынды.

Қазіргі таңда өңірлерді цифрландыру мәселесі өте өзекті болып тұр. Өйткені, барлық сала сапалы интернетке мұқтаж. Қарапайым денсаулық пен білім саласының өзіне ғаламтор желісі ауадай қажет. Үкімет осыны ескере отырып, барлық облысқа цифрландыру саласын дамыту туралы тапсырма берген болатын. Аталған тапсырма негізінде Қостанай облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда.
Өңірде ең алдымен білім саласын цифрландыруға ерекше мән берліп отыр. Нәтижесінде жалпы білім беретін мектептердің барлығы кең жолақты интернетпен қамтылған. Қаладағы 81 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Ал, ауылдық мектептердің 92,1 пайызы жылдамдығы 8 Мбит/сек интернетпен қамтамасыз етілген.
Қостанай облысы бойынша барлығы 31 мыңнан астам бірлік компьютерлік техника бар. 2020 жылы жергілікті бюджет қаражатынан 6 мыңға жуық компьютерлік техника, Үкімет резервінен 15 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынды. Нәтижесінде оқушыларды компьютермен қамту мәселесі бірте-бірте өз шешімін тауып келеді.
Сондай-ақ, «Цифрлық форматқа ауыстырылған оқулықтардың үлесі» жобасы аясында мектеп оқулықтары 100% электронды форматқа көшірілді.


Ал, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша «Ehealth ядросымен деректер алмасуды қамтамасыз ететін медициналық ұйымдардың үлесі жобасы жүргізілуде. Қазіргі кезде медициналық ақпараттық жүйені жасаушылар Smart bridge қызметтерінің терезесінде орналасқан қызметтермен интеграцияны жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін деректермен алмасу жүзеге асырылады. Аталған жобаның алғашқы кезеңінде өңірдегі медициналық ұйымдардың 50 пайызы қосылады деп жоспарланып отыр.
Бұлардан бөлек, «Халыққа көрсетілген қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің үлесі» көрсеткіші бойынша медициналық қызметтердің тізбесі бекітілуде. Аталған жұмыстардың барлығы 2021-2025 жылдарға арналған «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатыр. Жоба аясында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білікті кадрлар саны» көрсеткіші бойынша жоспар артығымен орындалды.
Сонымен қоса, «Цифрландырылған жер деректерінің үлесі» көрсеткішіне сәйкес, қазіргі уақытта облыс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалы топырақ және геоботаникалық зерттеулер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде Бүгінгі күні облыста 6 176,8 мың га егістіктің 6 664,2 мың гектары цифрланған. Одан бөлек, 132,2 мың га цифрланды.
Цифрландыру саласының қауіпсіздік бойынша да міндеттері көп. Атап айтсақ, қауіпсіздік бағыты бойынша жоспарға «Полицияны цифрлық құралдармен жарақтандыру деңгейі» көрсеткіші енгізілді. Аталмыш жоспар негізінде полицияның цифрлық құралдармен жабдықталу жоспары артығымен орындалды.
Одан бөлек, «Республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында бейнебақылау камераларының санын ұлғайту жұмыстары қолға алынған. Жоспар негізінде Қостанай облысының полиция департаменті «Қазақтелеком» АҚ-мен 200-ге жуық бірлік бейнебақылау камераларын жалдау бойынша шарт жасасты. Сондай-ақ, мыңға жуық бейнебақылау камерасын орнату бойынша жұмыстар жалғасуда.
Одан бөлек, 2022 жылы «Ұлттық және өңірлік электр желілерінде электр энергиясының нормативтік-техникалық ысырабы деңгейін төмендету» көрсеткіші бойынша нормативтік-техникалық ысыраптар деңгейі 4,19 пайызды құрап, жоспар бекітілген мерзімде орындалды.
Сонымен қатар, «қала құрылысы кадастрының цифрлық жоспарлы негізін құру үшін құрылыс салынған аумақтарда түгенделген жерасты және жерүсті коммуникацияларының үлесі» көрсеткіші бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде.
Қостанай облысында негізі салалар бойынша тындырымды тірліктер көп екенін айтуға болады. Оның ішінде тұрғындар үшін ең қажетті дүниелерде оң өзгеріс бар екені қуантады. Келесі кезекте өңірдің инфрақұрылым саласы туралы сөз қозғайық. Өз кезегінде аталған сала сапалы өмір сүрудің басты кепілі деуге болады. Өйткені бұл сала адам өміріне қажетті барлық саланы түгел қамтиды.
Ең алдымен тіршілік нәрі ауыз су мәселесінен бастайық. Облыс аумағында соңғы жылдары ауыз сумен қамту жұмыстары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Өткен жылы ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 38 – ауылдық, 7 – қалалық жоба қолға алынды. Жалпы аталған 45 жобаға бюджет қаражатынан 18,7 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 2022 жылы 26,7 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ, Қостанай қаласындағы индустриялық аймақ үшін диаметрі 600 мм су құбыры қайта жаңартудан өткізілді.


Одан бөлек, «Ауыл Ел бесігі» жобасы аясында тоғыз ауылға су берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту көрсеткіші 79,6 пайызға жетті. 2021 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға өсті. Ал, қала халқының 98 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылды.
Сондай-ақ, сумен жабдықтау желілері бойынша тозу деңгейі 48,3% - дан 46,1% дейін, ал су бұру желілері бойынша 61,6% -дан 59,7% - ға дейін төмендеді.

Сонымен қатар, 2023 жылы облыс бойынша газбен қамту көрсеткіші 58,4 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде қала халқының 82,1 пайызы, ауыл тұрғындарының 24,4 пайызы көгілдер отынмен қамтылады.
Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында газбен жабдықтау бойынша бес жобаны іске асыруға 4,5 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде Қамысты ауданының Алтынсарин ауылы газбен қамтылды. Ал, жыл соңына дейін «Қостанай облысы Қарабалық ауданы Боскөл ауылындағы шекара заставасының әкімшілік ғимаратын газдандыру» объектісінің құрылысы аяқталады.
Биылғы жылы Әулиекөл ауданының Черниговка ауылына қосылған Әулиекөл-Құсмұрын газ құбырын салу жұмыстары және «Астана» және «Нұр Әлем» шағын аудандарындағы инженерлік коммуникациялардың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, Қостанай облысы Қарабалық ауданы Гурьяновское ауылында газ тарату желілерінің құрылысы бітеді.


Одан бөлек, 2022 жылы жылумен жабдықтау нысандарын дамытуға 2 614,86 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде 19 км жылу желілері қайта жаңартылып, жалпы ұзындығы 2,25 км «Горняцк кентінің жылу желілерін қайта құру» жобасы аяқталды.
Сонымен қоса, Федоровка кентіндегі №2 орта мектебіне автономды жылумен жабдықтау құрылғысы орнатылды.Оған қоса, өткен жылы Жітіқара қаласында «Жітіқаракоммунэнерго» МКК орталық қалалық қазандығының №4 ПТВМ-30 су жылыту қазандығына күрделі жөндеу жүргізілді. Оған 170,15 миллион теңге бөлінді.
Ал, Қостанай қаласының №3 қазандығын тұрақты электрмен жабдықтау мақсатында «Қостанай қаласындағы №3 қазандықтың желілерін реконструкциялау» жобасы іске асырылды.

Қорытындылай келе, Қостанай облысының негізгі салаларында оң өзгерістер көп екенін айтуға болады. Сондай-ақ, өңірде тұрғындардың өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасалып жатқанын да тілге тиек ете кеткен жөн.