Алайда уәде етілген нәтижені көрмегендіктен келісімді бұзу және ақшаны толық қайтару туралы салон әкімшілігіне талап қойған.
фото: Pixabay / Tumisu
ERNUR.KZ. Қостанайлық тұрғынға лицензиясы жоқ салонның қызметінен кейін 1,2 млн теңгесі қайтарылды, деп жазады sputnik.kz.
2025 жылдың жазында Қостанай қаласының тұрғыны консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызмет үшін салонға 1,2 млн теңге төлеген. Алайда уәде етілген нәтижені көрмегендіктен келісімді бұзу және ақшаны толық қайтару туралы салон әкімшілігіне талап қойған.
Салон бұл талап арызға жауап бермеген, сондықтан ол тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінген.
"Департаменттің тексерісі салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар келісімшартқа тұтынушылардың құқықтарын шектейтін шарттарды, оның ішінде ақшаны қайтармау туралы ережені алып тастау жөнінде нұсқама берілді. Тұтынушыға сотқа жүгіну ұсынылды", - деп жазылған хабарламада.
Сот барысында салонның дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізгені анықталды, себебі бұл қызметтер медициналық қызметтер қатарына жатады. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы қайтаруға міндеттеді.


