​Қостанайда елден шығару туралы сот шешімін орындамаған шетел азаматы ұсталды

0
183

Тексеру барысында анықталғандай, аталған азамат 2023 жылдың тамыз айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылған.


​Қостанайда елден шығару туралы сот шешімін орындамаған шетел азаматы ұсталды

Фото: polisia.kz

ERNUR.KZ. Қостанай облысында елден шығару туралы сот шешімін орындамаған Өзбекстан азаматы ұсталды, деп жазады inform.kz.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, желтоқсан айының басында Қостанай облысының Тобыл қаласында өткен «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында елден шығару туралы сот шешімін орындамаған Өзбекстан азаматы қолға түскен. Патрульдеу кезінде құқық қорғау органдары құжаттарды тексеру барысында шетелдік азаматтың Қазақстанда уақытша тұруға рұқсаты жоқ екенін анықтады. Бұл дерек полиция қызметкерлерінің күдігін туғызып, азаматты мән-жайды анықтау үшін бөлімшеге жеткізуге негіз болды.

Тексеру барысында анықталғандай, аталған азамат 2023 жылдың тамыз айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылған. Мұндай шешім оның Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабында көзделген көші-қон заңнамасын бұзуына байланысты қабылданған. Алайда сот шешіміне қарамастан, азамат елден кетпей, ішкі істер органдарынан жасырынған.
Қостанай аудандық соты қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған шетелдік азаматқа қатысты 30 тәулікке шектеулі жүріп-тұру санкциясын бекітті. Қазіргі уақытта ол сот шешімінің орындалуын күту үшін Қостанай қаласындағы арнайы қабылдағышқа орналастырылды. Астана қаласының полиция қызметкерлері бұл азаматты елден шығару үдерісін бақылауға алып, сот шешімінің толық орындалуын қамтамасыз етпек.
Құқық қорғау органдары шетелдік азаматтарға Қазақстан аумағында көші-қон ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Заң бұзылған жағдайда құқық бұзушыларға жүріп-тұру еркіндігін шектеу, сондай-ақ елден мәжбүрлі түрде шығарып жіберу сияқты әкімшілік шаралар қолданылатыны айтылады. Сонымен қатар сот шешімімен елден шығарылған азаматтар қосымша санкциялар мен салдарларға тап болмас үшін белгіленген мерзімде Қазақстан аумағынан шығуы қажеттігін естен шығармауы керек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанайда парамен ұсталған комитет төрағасы 3 жыл 6 айға сотталғанын жазған едік.