Қостанайда шойын құю зауыты іске қосылды

0
352

Бұдан бөлек келесі жылы техника бөлшектерін шығаратын тағы бір өндіріс орны және "Кіа" зауыты жұмыс істей бастайды.


Қостанайда шойын құю зауыты іске қосылды

Sputnik / Александр АЛЬТМАН

ERNUR.KZ. Қостанайда биыл шойын құю зауыты іске қосылды, деп жазады sputnik.kz.
Облыс басшысы өңірдегі өнеркәсіп орындарында болып, атқарылған жұмыс ауқымын бақылап қайтты.
"Камлит кз" серіктестігі Қостанайда үш ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі шойын құю зауыты жақында іске қосылды.
Биылдың өзінде кәсіпорында 2 мың 300 шойын өнімдерін шығару жоспарда бар. Толық қуатына көшкенде бұл көрсеткіш 164 мыңға жетпек. Осы зауыттың іргесінде тағы бір өндіріс орыны бой көтерді. Мұнда машина өндірісіне қажетті жоғары технологиялы құйма металл бөлшектері жасалады.
"Қазір құрал-жабдықтарды орнатып, монтаждау жұмыстары басталды. Оның сыртында газ, су желісін пешке қосу қатар атқарылып жатыр", - деді "KamlitKZ" ЖШС зауытының директоры Дмитрий Окунев.
"Бұл зауыт 2025 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Жоспарымыз бойынша алдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында толық қуатына көшуге тиіс", - деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Ал енді салынып жатқан Кіа зауытының ауқымы тіптен кең. Жетпіс гектар аумақта қайнаған қызу құрылыс. Бұл автозауытта 1500 адам жұмыс істейді. Жылына 70 мың көлік шығаратын қуаты бар. Тақыр жерде бір жыл бұрын басталған құрылыстың біраз бөлігі еңсеріліп қалған. Сынақ түріндегі алғашқы көлік алдағы ақпан айында конвейерден шығады, дейді Кіа зауытының директоры.
"Ертеңнен бастап, бояу цехында құрал-жабдықтар орнатыла бастайды. Қараша айында дәнекерлеу және құрастыру цехтарын жинауға кірісеміз. Ақпан айында сынақ түрінде байқап көріп, келер жылдың аяғына таман өндірісті іске қосамыз", - деді "Kia Qаzaqstan" ЖШС бас директоры Ким Де Ки.
Облыс әкімдігі зауытты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етті. Бұл жақын арада құрылысты аяқтауға және негізгі технологиялық жабдықты монтаждауға мүмкіндік береді. Одан бөлек осы аумаққа теміржол тартылып, халықаралық логистикалық орталық салынады.
"Біздің елімізде халықаралық екі логистикалық орталық бар. Енді Қостанай қаласында да осындай орталық келесі жылы салынады. Өйткені салынып жатқан, ашылатын зауыттардың біраз өнімдерін біз уақытысында алып, басқа мемлекеттерге жеткізуіміз керек. Жылына 400 мың контейнер келеді", - деді Құмар Ақсақалов.
Осы жобалар жүзеге асқанда Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісі 50 процентке артып, өңірлер бойынша үздік үштікке енбек.