Күйеуден қорлық көргендер: Асылып қайтыс болған қазақстандық 4 әйелдің өліміне кім кінәлі?

0
2 675

Жаркентте, Шымкентте Алматыда асылып қайтыс болған әйелдердің өліміне кім кінәлі?


Күйеуден қорлық көргендер: Асылып қайтыс болған қазақстандық 4 әйелдің өліміне кім кінәлі?

ERNUR.KZ. Полиция біткен карантин талаптарын бұзғандар мен блок бекеттерді қорып жүргенде, үйдегі қылмыс көбейіпті. Бұл туралы Үкімет сағатында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп жазады stan.kz.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық санатындағы қылмыстардың 80 пайызы азаматтардың өз үйлерінде болғанын айтқан министр, мұны олардың сыртқа шыға алмай, төрт қабырғаға қамалып қалуымен байланыстырды.

Полиция, «екеудің арасына есі кеткен түседі» демесе де, карантиннен қолы босамады делік. Бірақ «әйелімді өлтірдім» деген адамды қамауға алмағанының салдарынан қызымыздың мәйітін таппай жүрміз деген отбасы, Қарағандыда тергеу де созылып кетті деп наразы.

Шымкентте қайынжұртына кеткен әпкемнің өлі денесінде көгерген іздер көп болса да, дәрігер күйеу бала қамауда емес деп Қуанышовтар отбасы шындыққа жете алар емес. Ал күйеуінің соққысынан мүгедек болып қалған әйелдер өз құқын неге қорғай алмай жүр?

«Әйел сабағыштар алдымен әйелін ұрып, кейін баласына қол көтеріп, одан кейін туғанын зорлауға көшеді» деген қоғам белсенділері тағы қандай сұмдықтың бетін ашты? Күйеуінің тоқал аламын деген талабына көнбеген келіншектің өліміне қатысты іс неге сотқа жетпей жатыр?

Жаркентте, Шымкентте Алматыда асылып қайтыс болған әйелдердің өліміне кім кінәлі?

Күйеуі күдітіге айналған әйелдерді уақытында неге қорғай алмадық? Алдымен әйелін ұрып, кейін баласын ұрғандар тағы қандай қылмысқа барған?

Гүлзар, Сайрангүл, Гүлмайса, Октябрь. Алғашқы үш келіншек қылмыстық іс-материалында өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған деп жазылғанымен, туыстары күйеулерінің соққысынан қайтыс болған деп жазды. Ал төртінші келіншектің туыстары келіншектің мәйітін таба алмай жүрміз деген еді. Әлі де табылмапты.

Гүлзардың артында үш баласы қалды. Ең кенжесі 8 айлық. Сайрангүлдің артында 3 бала. Гүлмайсаның бір баласы, Октябрьдің артында 4 баласы қалды.

Төрт келіншектің жақындары қыздарының өліміне күйеу балалары кінәлі, полиция тергеуді шала жүргізді дейді.

Гүлзардың туыстары мәйітте әйелдің қабырғалары сынғанын, көзі көгергенін, шүйде тұсынан тірі кезінде соққы алғаны анықталды деп отыр. Алайда тергеу істі сотқа өз-өзіне қол салды деп жеткізген.

"Машинадан қан табылды, үйіндегі киімнен қан табылды. Есіктің алдындағы топырақтан қан табылды. Осылай анық бола тұра бұл дәлел болмай тұр", - деді Октябрьдің анасы Сайран Балби.

Қарағанды облысын Тоғызқұдық ауылында полицияға әйелімді өлтірдім деп мойындап келген ер адам оны қайда көмгенін айтамын деп те келісті. Алайда ертесі өз-өзіне қол салып қайтыс болды. Ал Октябрьдің денесі сол күйі табылмай жатыр.

Сайрангүл Лайысқызы күйеуімен пәтер жалдап қайтыс болған 4 баланың анасы. 2018 жылы Алматыда полиция өз-өзіне қол жұмсады деген келіншек комада жатып, қайтыс болды.

Сайрангүлдің ағасы қарындасы мен күйеу баланы арасында тоқал үшін ұрыс болғанын айтады. Алайда күйеуі әйелін ұрдым деп мойындамапты.

Шымкенттік Гүлзар Қуанышеваның қазасына да туыстары күйеуін кінәлайды. Әпкесі қайын жұртына кеткен күйі оралмаған. Сіңлісі Ұлбосын әпкесінің өліміне күйеу баласын кінәлайды. Шымкенттегі емханада дәрігер болып жұмыс істейтін жездесінің қатысы болуы мүмкін деген Ұлбосын істің қайта қаралғанын талап етеді. Айтуынша, мәйітті тексергенде денесі мен беті көгерген, ісіп кеткен екен.

8 наурыз күні тағы бір келіншек көгала қойдай соққыға жығылды. "Екінші әйелің болмаймын" дегені үшін кездесіп жүрген азаматы соққының астына алған. Үйіне әкетіп, әйелі мен балаларының көзінше соққыға жыққан. Бұл істі полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық бабы бойынша қозғады.

Октябрь Балбидің ісіне қатысты полиция жаңа дерек жоқ екенін айтады. Сайрангүлдің ісіне қатысты Алматы полициясы істің тергеу басқармасының өндірісінде екенін айтты.

Ал Гүлмайсаның жақындары қыздың өліміне қатысты Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқаға үміт артып отыр. Өлімінің себебін айтып, артынан хат қалдырып кеткен қызды жақындары күйеу баласының жазаланғанан талап етті.

Шымкенттік Гүлзар Қуанышеваның жақындары істі қарауды сот кейінге шегеріп, қосымша саралап, жаңа айыптау уақытын жасауға прокурорға мүмкіндік берсе дейді. Марқұмдардың жақындары балалардың анасының өліміне себепші болған әкелердің балаларды тәрбиелеуге де құқығы жоқ деп есептейді.