"Құқық қорғау органына жүгіну керек": Прокурор әйелдерді үнсіз қалмауға шақырды

0
315

Айжан Аймағанова Бишімбаевтың ісі әйеліне қол көтеретін көп еркекке сабақ болды деп санайды.


ERNUR.KZ. Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сұхбатта Салтанаттың өлімі, Бишімбавтың ісі өзіне және қоғамға қалай әсер еткенін айтып берді. Қоғамды дүрліктірген сотқа қатысу, миллиондаған қазақстандықтардың жіті назарында болу оған үлкен жауапкершілікті сезіндірді, деп жазады stan.kz.

Айжан Аймағанова Бишімбаевтың ісі әйеліне қол көтеретін көп еркекке сабақ болды деп санайды. Сондай-ақ осылайша елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық сирейді деп сенеді.

“Мен өз жұмысымды істедім. Бірақ бұл жолы маған үлкен жауапкершілік артылды. Қорқыныш болды деп те айта аламын. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – көпті толғандыратын мәселе. Жылына бірнеше мың жағдай тіркеледі. Бұл – факт. Сол себепті болар, көбі осы мәселеге қызығушылық танытады. Бірақ менің ойымша, бұл дұрыс емес, қызығушылық болмауы керек. Осы жағдайдан кейін әйелдер құқық қорғау органдарына жүгінуі керегін, мәселені көтеруі керегін түсінеді деп сенемін. Бұл – шешілетін мәселе. Бишімбаевтың ісі алдағы уақытта қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық әреккеттердің алдын алуға сеп болды деп санаймын. Енді тиран еркек әйеліне қол көтермес бұрын ойланады”, – дейді прокурор.

Айжан Аймағанова әйелдерді үнсіз қалмауға, не болса да, қорықпай айтуға шақырды. Ол “Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық азаюы үшін не істеу керек?” деген сауалға жауап берді.

“Тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттер отбасынан басталады. Біз білімді, сауатты қоғамды тәрбиелеуіміз керек. Отбасыдағы жігіттерімізге әйелге қол көтерудің дұрыс емес екенін айтып, түсіндіруіміз керек. Мұндай мәселелер отбасында талқылануы керек. Әйелдерді үнсіз қалмауға, қорықпауға шақырамын! Немқұрайлы қарамаңыздар”, – деді Айжан Аймағанова.