Құрылтайда 1,5 млн адамның мәселесі көтерілді

0
129

Депутаттық сауалға Жалпы социал-демократиялық партияның фракция өкілдері де қосылды.


Құрылтайда 1,5 млн адамның мәселесі көтерілді

фото: Sputnik / Евгений Одиноков

ERNUR.KZ. Құрылтайда клининг саласында жұмыс істейтін адамдардың мәселесі көтерілді, деп жазады sputnik.kz.
Депутат Нұрайнаш Қамалованың айтуынша, бүгінде осы салада шамамен 1,5 миллион адам жұмыс істейді.
"Елімізде осы күнге дейін еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Мұндай көзқарас сала қызметкерлерінің мәртебесіз адам ретінде бағаланып, президентіміз айтқан нағыз еңбек адамын қоғам алдында төмендетіп, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері әсер ететіні анық", - деді Қамалова Құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Тағы бір маңызды мәселе – сала қызметкерлері алатын ресми табыстың төмен болуы. Бұдан бөлек, осы салада бейресми жұмысмен қамту кеңінен тараған. Соның салдарынан әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктері, еңбек құқықтары және өзге де әлеуметтік қорғау тетіктері сақталмай жатады.
Депутаттар үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Олар:
клининг саласындағы жұмыспен қамтуға кешенді талдау жасап, қызметкерлердің нақты саны туралы ресми статистикалық деректерді қалыптастыру;
клининг саласында кәсіби біліктіліктерді енгізу;
техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тиісті мамандарды кәсіби оқыту және даярлау мүмкіндігін қарастыру;
осы саладағы бейресми жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеу;
жұмысшының кәсіби мәртебесін арттырып, ресми табысының өсуіне жағдай жасау;
клининг саласындағы мамандықтарды тиісті біліктілік талаптары мен кәсіптік оқыту мүмкіндіктері бар толыққанды жұмысшы мамандықтар ретінде тану;
сала қызметкерлерін қаржылық сауаттылық және әлеуметтік қолдаумен қамту;
Депутаттық сауалға Жалпы социал-демократиялық партияның фракция өкілдері де қосылды.