Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігі талаптарды қайта қарау бастамасын көтеріп отыр.
ERNUR.KZ. Қазіргі кезде алаяқтарға алданып, қомақты қаржысынан қағылғандардың қатары көп. Олар кезіндегі жағдай тағы қайталана ма деп алаңдайды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Севинч Ахмедова 2014 жылы құрылысы енді басталған тұрғын үй кешеніне ақшасын салып, пәтер алмақ болған. Ақыры аяғында мердігер алаяқ болып шығып, шаршы метрлерді оңды-солды саудалаған екен.
«Бір сөзбен айтқанда мен құр ауаны сатып алдым. Менің пәтерім бұл үйде мүлдем салынбаған екен. Оның үстіне бұл баспана екі мәрте сатылыпты. Осы алаяқтығы үшін мердігерді 2017 жылы ұстап, 9 жылға соттады. Таяуда ол да өз жазасын өтеп шығады», - дейді үлескер Севинч Ахмедова.
Севинч секілді 1 мыңға жуық үлескерді әкімдік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жаңа баспаналарға жайғастырмақ. Құрылыс компанияларына қатысты талаптар жеңілдесе, онсызда аз емес үлескерлердің саны едәуір артып кетуі мүмкін деген қауіп басым.
«Жаңа жобада резервтік қор жинау шегін төмендету деген ұсыныс бар. Бұл менің ойымша, кәсіпкердің өзі үшін де, үлескер үшін де үлкен қақпан болады. Себебі, қазір әлемдік экономика шатқаяқтап тұр. Барлығы қымбаттап жатыр. Тағы бір өзгеріс – ол нысанды сату үшін оның дайындық деңгейін де төмендету қарастырылып жатыр. Қазіргі талаптармен үлескерлер көбейсе, ертең сонда не болмақ?», - дейді үлескер Севинч Ахмедова.
Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігі талаптарды қайта қарау бастамасын көтеріп отыр. Жауаптылар елде сақалды құрылыстар мен үлескерлердің жаңа толқыны пайда болмайды деп сендіреді. Өйткені 2016 жылы қабылданған заң өз күшін жоймайды, тек құрылыс нарығына қатысушыларға көбірек еркіндік береді деген ойда. Себебі талаптар күшейтілген 7 жылдың ішінде баспана салу ісінде ірі компаниялар монополия құрып алып, шаршы метр бағасын шарықтатқан екен.