Министр Қазақстанда вакцина алған тұрғындардың иммунитеті күшті екенін айтты.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ревакцинация бойынша ұсыныстар күзде белгілі болатынын айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
"Ревакцинация бойынша нақты критерийлер жоқ, бір топ ғалымдар бұл мәселемен айналысып жатыр. Өйткені, ДДСҰ бұл кезеңде ревакцинация жасауға мүлде кеңес бермейді. Басқа елдер мұны жасап жатыр. Әлемде клиникалық сынақтар тиімділікті нақты растаған жағдай жоқ. Сондықтан, қазір дұрыс жолын табу үшін тәжірибені мүмкіндігінше зерттеп жатырмыз", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте.
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі басшысы мамырдан маусымға дейін вакциналау бағдарламасы іске қосылғаннан кейін тұрғындардың көпшілігіне вакцина салынғанын ескеруді сұрады. Цойдың айтуынша, осыған байланысты Қазақстанда вакцина алған тұрғындардың иммунитеті күшті.
"Бізде әлі де халықаралық тәжірибені зерттеуге уақыт бар: ол қалай өтті, қай вакциналар, ревакцинация мүмкін бе және қашан. Қазір нақты ұсыныстар жоқ. Кейбір бастапқы клиникалық зерттеулер бар, бірақ біз нақты дерекке сүйенгіміз келеді, сондықтан қазір толық іздеу жүргізіп жатырмыз және барлық құзырлы органнан мәлімет аламыз. Біз қазір әртүрлі өлшеулер жүргізіп жатырмыз. Менің ойымша, жақын арада, күзде нақты анықтап, қашан және қандай мерзімде, қандай вакцинаны және қандай дозада жасау керек екені туралы мәліметтерді аламыз", - деді Цой.