Қымбат Досжанның даулы хабарын Ұлттық арна алып тастады

0
1 197

Алайда журналистік этиканы өрескел бұзғаны үшін ұлттық арна бағдарлама қонақтары мен көрермендерден әлі кешірім сұрамады.


Қымбат Досжанның даулы хабарын Ұлттық арна алып тастады

ERNUR.KZ. Қарындасына ағасының қазасын эфирде естірткені үшін көпшіліктің сынына қалған «Қымбат жандар» бағдарламасының 6-шығарылымын Qazaqstan ұлттық арнасы өзінің сайты мен Youtube-тегі парақшасынан алып тастады, деп жазады malim.kz.

Алайда журналистік этиканы өрескел бұзғаны үшін ұлттық арна бағдарлама қонақтары мен көрермендерден әлі кешірім сұрамады.

2 қараша күні Qazaqstan ұлттық арнасының эфирінде көрсетілген «Қымбат жандар» бағдарламасыны көпшіліктің сынына қалды. Бағдарламаға ағасы Асылбекті іздеп келген Зульфияға тележүргізуші Қымбат Досжан ағасы, отбасы туралы сұрақ қойып, әбден сөйлетіп алған соң, сюжет көрсетіп, онда ағасының астана аязында үсіп өлгенін естіртеді. Ағасының бұл пәниде жоқтығын сюжеттен естіген бойжеткен еңіреп жылап сала береді. Жүргізуші Қымбат Досжан ағыл-тегіл жылап отырған жас қызға «Біз өздеріңді Маңғыстаудан хабарға келіңдер деп шақырған кезде дәл осындай хабарды айтамыз деп ойлаған жоқпыз» деп ақталады. «Жыла, жылаңыз, ағаны жоқтайтын қарындастың барына шүкір» деп жұбату айтқандай болады.

Бағдарламаға үмітін арқалап келген бойжеткеннің сезімін азаптап, қайғыдан рейтинг жасаған бағдарлама журналистік этиканы өрескел бұзғаны үшін әлеуметтік желіде сынға алынды. Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінетін ұлттық арнадағы бағдарламаның біреудің қайғысы арқылы көрермен жинауын асқан цинизм мен арсыздыққа балағандар көп болды.

Араға бір күн салып жүргізуші Қымбат Досжан Facebook-тегі парақшасында бағдарламаға қатысты түсінік беріп, «жұмысымыз игілік емес, қателік болса көпшіліктен кешірім сұраймыз» деп жазған.