Қытай Қазақстанда 114 миллион долларға жел турбинасын өндіретін зауыт салады

0
394

"Самұрық-Қазына" қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, жобаның алдын ала құны 114 миллион доллар.


Қытай Қазақстанда 114 миллион долларға жел турбинасын өндіретін зауыт салады

ERNUR.KZ. 2 шілдеде "Самұрық-Қазына" қоры Sany Renewable Energy компаниясымен жел электр стансаларының құрамдас бөліктерін (қалақтар, нацельдер, мұнаралар) өндіруді локализациялау жобасын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды. Аталған мәселе Астанада өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің отырысында талқыланды, деп жазады stan.kz.

"Самұрық-Қазына" қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, жобаның алдын ала құны 114 миллион доллар.

“Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станцияларының жаңа паркі құрылады. Нәтижесінде Қазақстанда жаңартылатын генерацияның жиынтық қуаты 40%-ға артады. "Sany Renewable Energy" компаниясы жобаға дейінгі қажетті жұмыстарды жүргізуге кірісті", – деді Салтанат Сәтжан.

Оның айтуынша, қытайлық компанияның смарт зауыттарды стандарттауда үлкен тәжірибесі бар. Бұл өндіріс процесін жеделдетуге көмектеседі.

Sany Renewable Energy (Sany Group еншілес кәсіпорны) әлемдегі жел турбиналарының ең ірі өндірушілерінің бірі. Қытайдың 10 түпнұсқа жабдық өндіруші компанияларының ішінде төртінші орында.

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі аясында "Самұрық-Қазына" қорының "Sany Group" бас компаниясымен Қазақстанда арнайы техника шығаратын зауытты локализациялау мүмкіндігін зерделеу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Sany Group - Қытайдың ең ірі инженерлік компаниясы.

Айта кетейік, бұған дейін 4 шілдеде Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталғаны туралы жазған едік. Самитте қандай құжаттарға қол қойылғаны анықталды.