Қызылорда қаласына жаңа әкімі тағайындалды

0
632

​Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында жаңа қала әкімін таныстырды.


Қызылорда қаласына жаңа әкімі тағайындалды

ERNUR.KZ. Қызылорда қаласының жаңа әкімі тағайындалды, деп жазады sputnik.kz.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында жаңа қала әкімін таныстырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Қала әкімі қызметін атқарған Ғанибек Қазантаевтың өз өтінішіне сәйкес Қызылорда қаласының әкімі лауазымынан босатылған.
Нұрлыбек Нәлібаев әріптесіне қаланың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді және Қызылорда облысының "Құрмет" грамотасын табыстады.
Облыс әкімінің өкімімен Президент әкімшілігі және Қызылорда қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Асылбек Шәменов тағайындалды.
"Асылбек Өмірбекұлы бұған дейін де бірқатар жауапты қызметтерді атқарған. Қаланың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Әсіресе Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде қаланың қайнаған қазанында шыңдалған тәжірибелі және іскер басшы. Бүгінгі күнге дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметінде жүріп, ауданның экономикалық жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында ауқымды жобаларды жүзеге асырып, жергілікті халықтың қолдауына ие болған. Ендігі кезекте, осы жинаған тәжірибесі мен білімін, іскерлік қабілетін облыс орталығы Қызылорда қаласын дамытуға арнап, сүбелі үлесін қосады деп сенеміз", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі Асылбек Шәменовке Қызылорда қаласының қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына жауапты болып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында экономиканың барлық саласы дамытуды тапсырды.