Әлеуметтік желідегі жазбада ауыл әкімінің карантин режимін сақтамағаны айтылған.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында карантин талаптарын сақтамай көпшілікпен табиғат аясына демалуға шыққан ауыл әкімі тиісті жазаға тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісі қаралды. Департамент қызметкерлері ол жөнінде әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға назар аударған.
«Әлеуметтік желідегі жазбада ауыл әкімінің карантин режимін сақтамағаны айтылған. Ол табиғат аясында әріптестерімен демалыс ұйымдастырған., Осылайша санитарлық талаптарды бұзған. Бұл көпшілік тарапынан сынға іліккен болатын», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мамандары.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істі қарады. Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін ауыл әкімі «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылатын болды.