Қызылордада 254 млн теңгенің балығын шетелге заңсыз экспорттаған басшылар сотталды

0
119

Тексеру барысында балық өсірілді деген шаруашылықтардағы су айдындарының толықтай кеуіп қалғаны анықталған.


Қызылордада 254 млн теңгенің балығын шетелге заңсыз экспорттаған басшылар сотталды

фото: Sputnik / Максим Богодвид

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында "СПК Қызылорда Балық" ЖШС басшыларына қатысты тергеу аяқталды, деп жазады sputnik.kz.

Кәсіпорынның басшылары кеден органдарына жалған құжаттар ұсынған.
"2022 жылы бұл кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, құны 254 миллион теңге болатын жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көк серке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған", - дейді ведомстводағылар.
Кәсіпорын шын мәнінде балық өсіру немесе ұстау жағдайлары болмаған адамдар мен шаруашылықтардан балық сатып алынғаны жөнінде жалған құжаттар ресімдеген.
"Тексеру барысында бұл шаруашылықтардағы су айдындарының толықтай кеуіп қалғаны, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктерінің тасымалдау қызметін іс жүзінде атқармағаны және тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз етілмегені анықталды", - дейді агенттіктегілер.
Жалған шот-фактуралар жазылып, балық өнімін тасымалдауға заңсыз ветеринарлық анықтамалар берілген.
Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы мен директоры кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.