Автобус ішінде 16 адам болған.
ERNUR.KZ. Қызылордада қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобус өртке оранды, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқиға бүгін, 1 ақпанда сағат 13.37-де тіркелді.
Сол уақытта қала ішінде жолаушы тасымалдайтын №1 бағдардағы «Zhong Tong Bus» маркалы автобус өртке оранды.
Автобус «Қызылорда» автобус паркі ЖШС-не тиесілі.
«Оқиға орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 9 қызметкер 3 көлікпен келді. Өрт 13.49-да оқшауландырылып, 13.53-те толығымен сөндірілді. Автобустан 16 адам өз күшімен қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.