Маңғыстауда бала зорлаған күдікті өмір бойы бас бостандығынан айырылды

0
2 329

Сотталушының қорғаушысы күдіктінің кінәсі толық дәлелденбегендіктен оны қамаудан босата отырып, қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.


Маңғыстауда бала зорлаған күдікті өмір бойы бас бостандығынан айырылды

ERNUR.KZ. Маңғыстауда бала зорлау қылмысына алғаш рет өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2021 жылғы 25 қаңтарда жас баланы зорлау дерегі бойынша қылмыстық істі қарады. (ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігі бойынша).

Іс мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің заңды өкілінің, сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында қаралды.

«Сотталушы Д. 2020 жылғы 28 мамырда түнгі уақытта өзінің танысының пәтеріне келіп, оның жоқтығын пайдаланып, мас күйінде балаға күш қолданып, басы мен бетіне бірнеше рет соққы жасап, зорлау және сексуалдық сипаттағы әрекет жасаған» делінген хабарламада.

Мемлекеттік айыптаушы істің мән-жайын, балаға қолданылған зорлық-зомбылықты ескере отырып, сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушының қорғаушысы күдіктінің кінәсі толық дәлелденбегендіктен оны қамаудан босата отырып, қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.

Сотталушының аталған қылмысты жасаудағы кінәсі анықталғандықтан, сот тергеуі барысында дәлелдемелерді жан-жақты зерттеу арқылы сот айыптаудың барлық эпизодтары бойынша айыптау үкімін шығарды.

Сот жасалған аса ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және оның салдарын ескере отырып, ҚР ҚК 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.