Оқиға 19 ақпан күні күндіз болған.
Фото: Абай облысы полиция департаменті
ERNUR.KZ. Семей қаласындағы көпқабатты үйдің ауласында бір ер адам иттерге оқ атып, олардың бірін жаралаған, деп жазады inbusiness.kz.
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда бір иттің қар үстінде қозғалыссыз жатқан екінші иттің жанында үріп тұрғаны көрінеді. Ал басқа видеода жараланған иттің есін білетіні, оны көлікке салып жатқан сәті түсірілген, мойнында қан іздері байқалады.
Куәгерлердің айтуынша, бұл ит бірнеше көпқабатты үйдің аулаларындағы тұрақ аумағында еңбектеп жүрген. Жарияланымда оқиғаның Семейдің сол жағалауындағы үйлердің аулаларында болғаны айтылған.
Куәгерлердің сөзінше, ер адам көлікпен келіп, ОСВВ бағдарламасынан (вакцинация, чиптеу) өткен иттерге оқ атқан. Сондай-ақ оның мас күйде болуы мүмкін екені хабарланған. Бұл ақпаратты Абай облысының полиция департаменті растады.
"Тексеру барысында облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық қызметіне қарасты жануарларды аулау, уақытша ұстау және жою қызметінің 58 жастағы қызметкері анықталды. Ер адамның азаматтардың өтініші бойынша келгені белгілі болды, алайда аулау барысында жануарларға жауапкершілікпен және гумандық қарым-қатынас жасау туралы заң талаптарын бұзған. Сонымен қатар ол мас күйде болған", – деп хабарлады Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жануарларды аулау қызметінің қызметкері жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін, сондай-ақ қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаментінде жануарларға қатысты кез келген заңсыз әрекеттер бақылауда болатыны және қолданыстағы заңнама аясында қатаң құқықтық баға берілетіні атап өтілді.


