ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Цифрлық кодекс тұжырымдамасы туралы баяндады.
ERNUR.KZ. Құжат 7 негізгі бөлімнен тұрады. Оның айтуынша, Кодекстің басты мақсаты – адамның цифрлық ортада қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалану кезінде қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау.
Негізгі қағидаттардың қатарында цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі, цифрлық этика және жасанды интеллект технологияларын қолдану кезіндегі әлеуметтік жауапкершілік атап өтілді.
Екатерина Смышляева цифрлық салада мемлекеттің тепе-тең қатысу қағидатына жеке тоқталып, мемлекеттік функциялар мен қызметтер мәселесінде мемлекеттің жетекші рөлін сақтайтынын, ал нарықтық сегменттерде даму бизнес пен отандық стартаптардың еншісінде қалуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ депутат Цифрлық кодекс цифрлық деректерді дамыту және еркін айналымы мәселелерін қамтитынын, оларды нарықтық және инновациялық шешімдердің өсу тетіктерінің бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.
«Кодекске алғаш рет цифрлық ортада адам құқықтарын қорғауға арналған жеке тарау енгізіліп отыр. Мұнда нақты адам құқықтары туралы айтылып тұр, өйткені ол адамның негізгі құқықтары. Бұл тарау үш негізгі блоктан тұрады. Біріншісі – тұлғаның өзін цифрлық ортаға кірген кезде қалай сәйкестендіретініне байланысты жеке басын айқындау құқығы. Алайда бірқатар себептерге байланысты мұндай сәйкестендіру мүмкін болмауы мүмкін: техникалық қолжетімділіктің болмауы, цифрлық құзыреттіліктің жеткіліксіздігі және басқа да жағдайлар. Бұл ретте балама қол жеткізу және сәйкестендіру тәсілдері, соның ішінде офлайн тәсілдер әрдайым сақталуға тиіс. Екінші блок – адамның цифрлық ортада қалыптасатын және сақталатын деректерінің жиынтығы ретінде цифрлық сәйкестілікке қатысты. Бұл деректер жиынтығы қорғауға жатады», – деп түсіндірді Екатерина Смышляева.
Деректермен жұмыс істеу құқықтарына қатысты депутат Кодексте «ұмытылу құқығының» кешенді баламасы қарастырылғанын хабарлады. Бұл – жеке деректерді жою, жасыру және өңдеуді шектеу құқығы. Техникалық тұрғыда тағы екі маңызды тетік енгізілген: азаматтың цифрлық кеңістігі және цифрлық оқиғалар. Цифрлық оқиғалар адамның цифрлық ортадағы барлық әрекетін тіркеуді көздейді. Ал, азаматтың цифрлық кеңістігі бұрынғы қағаз папканың электрондық баламасы болып, пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.


