Мәжіліс депутаты жәрдемақылардың бірін көтеруді талап етті

0
114

Инфляция 12,9 процент деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдер, дәрі-дәрмектер күрт қымбаттаған.


Мәжіліс депутаты жәрдемақылардың бірін көтеруді талап етті

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүгедектердің жәрдемақысын көтеруді талап етті, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін фракция өкілдері үкіметке депутаттық сауал жолдап, мүгедектікті анықтауға қатысты бірқатар әділетсіздік бар екенін мәлімдеді.
"Мысалы, қолы немесе аяғы жоқ адаммен қолының бір саусағы не аяғының бір башпайы жоқ адамға бірдей – үшінші топтық дәреже беріледі. Ал ең сорақысы, қолы немесе аяғы мүлде жоқ, тіпті туа бітті ақыл есі кем жандар өз мүгедектігін растау үшін таусылып болмас тексерістерге тап болуда. Мұндай кембағал жандар аяқ астынан мүгедектік статусынан айырылып, қиын жағдайда да қалып жатады. Олар не жұмысқа жарап, нәпақа таба алмайды, не мемлекеттен берілетін жәрдемақыны ала алмай қиналады. Бұл – жиі кездесетін жағдай", - деді депутат Нұрлан Әуесбаев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Бүгінде III топтағы мүгедектің жәрдемақысы 55 474 теңгені құрайды. Депутаттың айтуынша, кейбір азаматтарымыз ондай жәрдемақымен өлместің күнін көріп келеді.
"Қазір инфляция 12,9 процент деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдер, дәрі-дәрмектер күрт қымбаттағаны байқалып отыр. Сондықтан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде ең төменгі жалақы – 85 000 теңге көлеміне дейін көтеру қажет деп есептейді", - деп атап өтті Әуесбаев.

Айта кетері, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 725 мың адамға жеткен. Бірақ олардың саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы мүмкін.