Мектепалды сыныпқа қабылдау тәртібі бекітілді

0
115

Бұйрық 2026 жылғы 3 қазанда күшіне енеді.


Мектепалды сыныпқа қабылдау тәртібі бекітілді

Фото: Астана әкімдігі

ERNUR.KZ. Балаларды мектепалды сыныпқа қабылдау тәртібі бекітілді. Мектепалды сыныпқа қабылдау үшін құжаттар 1–31 тамыз аралығында қабылданады, деп жазады inform.kz.

Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 17 қыркүйектегі бұйрығымен мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары бекітілді.

Құжатқа сәйкес, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарына құжат қабылдау және балаларды қабылдау қызметін орта білім беру ұйымдары көрсетеді.

Өтінішті «цифрлық үкімет» порталы арқылы немесе білім беру ұйымына тікелей беруге болады.

Мектепалды сыныпқа қабылдау үшін мына құжаттар қажет:

· өтініш;
· иммундау паспорты;
· денсаулық паспорты;
· цифрлық фотосурет.

Құжаттар мектепке тікелей тапсырылса, бұған қоса баланың туу туралы куәлігі мен ата-анасының жеке басын куәландыратын құжат қажет.
Құжаттар толық тапсырылған жағдайда, мектепалды сыныпқа қабылданғаны туралы хабарлама 1 қыркүйектен бастап бір жұмыс күні ішінде беріледі.

Балаларды мектепалды сыныпқа қабылдау туралы бұйрықты мектеп 25 тамыздан ерте шығармайды.

Бұйрық 2026 жылғы 3 қазанда күшіне енеді.

Бұған дейін білім алушылардың үлгерімін бағалау және аттестаттау қағидаларына өзгерістер енгізілгені хабарланған еді.