Қазақстан алаңында металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика, құрылыс индустриясы, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және басқа да салалар бойынша 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері қойылған.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері қатысушы мемлекеттердің экономикалық жетістіктерін танытатын ұлттық павильондарды аралап көрді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан экспозициясын көруге келгендер тыңайтқыш, алюминий және зергерлік бұйымдар, медициналық жабдықтар, космос аппаратының макеттері, компьютерлер, телекоммуникациялық қондырғылар, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, құрылыс материалдары, киім-кешек, дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар және басқа да көптеген отандық өнім түрлерімен танысты.
Көрмеге отандық өнім өндірушілер шығарған 40-тан астам көлік, оның ішінде 20 жеңіл автокөлік, 10 ауыл шаруашылығы техникасы, 7 арнаулы техника, 2 автобус және бронды әскери машиналар қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық павильон экспозицияларымен танысу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстанның атынан отандық QazTechna компаниясы құрастырған мектеп оқушыларына арналған автобус және VibroLUNG медициналық жабдығының 3 жиынтығын сыйға тартты.