Мемлекет басшысы Қазақстан халқына алғыс айтты

0
741

Қорғаныс министрлігі әскери қойманы көшіру жұмыстарын бастады.


Мемлекет басшысы Қазақстан халқына алғыс айтты

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа көмек көрсеткен Қазақстан халқына алғысын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Арыс оқиғасы кезінде еліміздің азаматтары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер, отандық бизнес және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық және моральдық қолдау көрсетті. Бұл халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі. Барлығына ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Арыстағы қалпына келтіру жұмыстарын Үкімет басшысы мен әкімдер қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Қорғаныс министрлігі әскери қойманы көшіру жұмыстарын бастады. Бұл жұмысты ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды. Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді. Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды. Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.