Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

0
85

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтап, отбасының қоғам мен мемлекеттің дамуындағы ерекше рөлін атап өтті.


Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

ERNUR.KZ. Президент отбасы әр адамның дүниетанымы мен адами қасиеттері қалыптасатын басты орта екенін айтты, деп жазады baq.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтап, отбасының қоғам мен мемлекеттің дамуындағы ерекше рөлін атап өтті.

Президент отбасы әр адамның дүниетанымы мен адами қасиеттері қалыптасатын басты орта екенін айтты.

«Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы отбасындағы тәрбие арқылы ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, халықтың рухани тұтастығы нығаятынына назар аударды.

Президент 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституцияға сәйкес неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылғанын еске салды.

«Бала тәрбиесі мәселесіне зор жауапкершілікпен қарау, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің маңызды миссиясының бірі», – деді Президент.

Тоқаев Отанға деген сүйіспеншілік, заң мен тәртіпке бағыну, табиғатты аялау және қоғамдық орындарда тазалық сақтау секілді құндылықтар ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталатынын айтты.

«Бәріміз осы ортақ міндетке күш жұмылдырсақ, қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этика қалыптастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент құттықтауын Әділетті Қазақстан құрудағы отбасының маңызын атап өтумен қорытындылады.

«Әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы барша қазақстандыққа зор денсаулық пен толайым табыс тіледі.