Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.
ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.
– Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат, – деді Президент.
асым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді.
– Баршаңызға мәлім, біз «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдадық. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Биыл да мереке күндері барлық аймақта әкімдер мұғалімдер қауымын марапаттап, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Ұстаздарды дәл осылай жалпыұлттық деңгейде ұлықтау ісі жалғасын табады. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек. Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр.
– Осы мақсатпен біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру ісін қолға алдық, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Халқымыздың темірқазығы, елімізді тарихи өрлеу дәуіріне бастаған негізгі құжат – Конституцияны қабылдадық. Конституцияда тұңғыш рет оқу-ағарту жүйесін дамытуға ықпал ететін нақты нормалар көрініс тапты. Атап айтқанда, адам капиталын, білім-ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің міндеті, стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы. Сонымен қатар біз билік жүйесін түбегейлі жаңғырттық. Елімізде бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Жақында Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Осылайша, біз бір ұлт болып еліміздің даму бағдарын айқындаған маңызды әрі іргелі жұмысты табысты атқардық, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, өркениетті әрі озық елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, ең алдымен, адам капиталының сапасымен өлшенеді. Мемлекеттің әлемдегі орны да, экономикалық әлеуеті де қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне тәуелді.
– Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағытта нақты шаралар қабылдап, белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек. Қазіргі таңда мемлекет Жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс. Жалпы, аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор. Үкімет осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
резидент елімізде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын жақсы үрдіске балады.
– Биыл 12 мыңнан астам түлек, соның ішінде екі мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие болды. Мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Сондай-ақ кәсіби сабақтастық дәстүрі пайда болады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміздің жоғары оқу орындары айрықша рөл атқарады. Себебі университет қабырғасында болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы қалыптасады. Бұдан бөлек, білім-ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге баса мән беру маңызды. Шет мемлекеттерге сапарларым кезінде мен әлемнің озық оқу орындарымен байланыс орнату, ықпалдастықты нығайту мәселесіне айрықша назар аударамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
резидент алдымызда ауқымды міндет тұрғанына назар аударды. Бұл – жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеп шығару.
– Сондықтан менің тапсырмаммен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталды. Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс. Бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді. Бастама жақсы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өткен аптада Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған ауқымды іс-шаралар өткеніне тоқталды.
– AI & Digital Bridge – 2026 форумы, сондай-ақ белгілі мамандар мен сарапшылардың қатысуымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы болды. Осы отырыста Қазақстанның аса маңызды салада мол табысқа жеткені аталып өтті. Бірақ бұл жайбарақат отыруға болады деген сөз емес. Себебі жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өте жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бұдан бөлек, елордамызда тұңғыш рет Astana AI Film фестивалі өтті. Шын мәнінде, бұл – нағыз озық инновациялық іс-шара деп айтуға болады. Өйткені дәл осы өте өзекті және маңызды шара аясында Астана қаласында әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің кино өнеріндегі көрінісі пайда болды. Басқаша айтсақ, аталған фестиваль бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі кино өндірісінің өзектілігі азая бастағанын көрсетті. Енді фильм түсірумен айналысатын мамандар шенеуніктердің, демеушілердің және продюсерлердің қолдауына тәуелді болмай, өз бетімен толыққанды кино туындысын шығара алады. Сондықтан Астанада өткен бұл нағыз жаһандық ауқымдағы фильм фестиваліне әлем жұртшылығы айрықша назар аударды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
лайда Президент озық технология дәуірінде кітап оқудың да мән-маңызын арттыруымыз қажет санайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа осы құндылықты сіңіруге тұтас қоғам атсалысуы қажет екенін айтты.
– Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан. Сондықтан мен биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
– Біз балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеруге, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғауға міндеттіміз. Ең бастысы – өскелең ұрпаққа аса қажетті дүниемен, атап айтқанда, жарқын келешекпен, нақты мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп, оларға есейгенде мақсат-мұратына жетуге ынталандыратындай жағдай жасау. Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанның өсіп-өркендеуі әрқайсымыздың қаншалықты үлес қосатынымызға байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін түйіндей келе, қазір халқымыздың дүниетанымы өзгеріп, қоғамымызда жаңа этика қалыптасып келе жатқанына назар аударды.
– Тазалық, еңбекқорлық, адалдық, өзара сыйластық қасиеттері ұлттық дағдымызға айналып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бастысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекетіміздің конституциялық міндеті саналады. Осындай елдік маңызы зор іске сіздер, жалпы ұстаздар қауымы мол үлес қосып жатсыздар. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын,– деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ мұғалімге жоғары мемлекеттік наградалар табысталды.


