МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА: Сыр өңірінде кәсіпкерлер көбейеді

0
247

Қаржы екі есе көбейді.


МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА: Сыр өңірінде кәсіпкерлер көбейеді

фото: ашық дереккөзден

Бүгінде кәсіпкерлік саласын дамытуға айрықша назар аударылып, мыңдаған қазақстандық осы бағыт аясындағы бағдарламалардың игілігін көріп жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын қайтарымсыз грант беру саласы етек жайған болса, соңғы жылдары жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік сыйлайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар күрт көбейді. Оның бірнеше себебі де бар. Айталық, бұл жоба біріншіден тек қана ауыл тұрғындарына арналған. Екіншіден, жылдық үстеме пайызы бар болғаны 2,5 пайызды құрайды. Үшіншіден, бұл бағдарламаға былтыр 100 млрд., биыл 50 млрд. бөлінді. Келер жылы да елу млрд. қаржы қаралады деп жоспарланған. Сәйкесінше, аталған мемлекеттік бағдарлама көптеген өңірдің азаматтарына кәсіп ашатын мол мүмкіндік сыйлады, әсіресе, шағын кәсіп ашу бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген Қызылорда облысының азаматтарына.


«Алдыңғы қатарда» деп айтатын себебіміз, Сыр өңірінде былтыр мемлекет қарастырған қолдаулардың арқасында кәсіпкерлік нысандарының саны он пайызға көбейіп, жетпіс мыңнан асып жығылған. Бұл тұрғыда бизнес саласын қолдау үшін түрлі бағдарламалар арқылы жиырма төрт млрд. теңге қаралып, үш жарым мыңнан аса жобаға қаржы бөлінген. Бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда жиырма пайызға өскен екен. Осылайша, жаңа жұмыс орындарына орналасқан азаматтар саны 15,8 процентке көббейіп, 125 мың адамға жуықтаған. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы үш млрд., жастарға 2,5 пайыздық несие беру бойынша 2,3 миллиард бөлініп, өндірістік бағыттарды дамытуға басымдық берілген.


Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығына бағытталғандықтан, өңірде осы саланы әртараптандыруғаа көңіл бөлініп жатыр екен. Бұл туралы елордадағы баспасөз жиынына қатысқан облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтқан еді. Оның айтуынша, ауыл шаршуашылығы өңірдегі негізгі сала болғандықтан 9 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, Сыр тұрғындары бейімделген күріш өнімі бойынша 500 мың тоннадан аса өнім жиналған. Ал, соңғы екі жыл ішінде аталған саладағы экспорт көлемі 84 миллион Ақш долларын құраса, тауардың барлығы дерлік өңделген өнім ретінде нарыққа шығарылған екен. Ендіге кезекте қызылордалықтар жаңа әрі озық технологияларды енгізіп, су үнемдеу әдістерін кеңінен қолданбақ.


Бұл жоспарды іске асыру үшін өткен жылы бастау алып, биыл да жалғасын тапқалы отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ықпал етеді деп көзделіп отыр. Айта кетсек, Қызылорда өңіріндегі ауыл халқының жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама аясында биыл азаматтарға 5,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілмек.


Бұл туралы айтқан өңір басшысы өз сөзінде: «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 404 жобаға 3 миллиард теңге несие берілді. Ал, 2024 жылға алты миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді» - деді. Яғни, биыл бағдарлама аясында 8 жүзден аса бизнес-жоспарға жеңілдетілген несие беріледі деген сөз.


Енді «қызылордалықтар қандай кәсіп ашып жатыр?» деген сауалға жауап беріп, бірер мысал келтіре кетейік. Мәселен, Бибірнұр есімді шиелілік жас азамат «Ауыл аманатыә арқылы 8,6 миллион теңге несие алып, тұзбен емдейтін орталық ашқан. Мұнда бір мезетте оншақты адам табиғи ем қабылдай алады. Барлық қажеттілікпен жабдықталған нысан гигиеналық тазалық тұрғысынан да шаң жуытпайды екен. Кәсіпкердің айтуынша, емнің бұл түріэкологиялық жерді мекен ететін халық үшін таптырмас шипа. Сондықтан ол кәсібін кеңейтіп, аудан тұрғындарының ем іздеп сенделмеуіне ықпал етсем деп жоспарлап отыр екен.


Ал, осы аудандағы түрлі тәтті нан өнімдерін әзірлейтін «HONEYMOOD» кәсіпорны істерін үлкейту үшін «Ауыл Аманаты» арқылы жеті миллион теңге қаржы алған. Бір цех мен екі дүкені бар кәсіпорын өз өнімдерін біртіндеп брендке айналдырып келе жатыр екен. Мұнда қазір оннан астам азамат жұмыс істейді.


Сонымен бірге, бағдарлама аясында былтыр құрылған «Barly Bai & K» өндірістік кооперативі қызанақтан жасалатын паста шығарып келеді. Бұл кооператив жеңілдетілген пайызбен 27,6 миллион теңге көлемінде несие алған екен. Онға жуық адам қызмет ететін цехта күн сайын екі тоннаға тарта паста әзірленеді.


Атап өтсек, ел президенті өңірлердегі жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту тапсырмасын жүктеген болатын. Осыға орай, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы да қаржы бөлініп, жобасы бар шаруаларға жеңілдетілген несие беріледі.

Тағы бір айта кетерлігі – осыдан бірер күн бұрын Үкімет басшысының төрағалығымен мәжіліс өтіп, сонда «Ауыл аманаты» бағдарламасы да сөз болған еді. Осы мәжілістен соң Қызылорда облысының әкімі жергілікті қызметкерлерге аталған бағдарлама бойынша берген тапсырмаларын қайталап, биыл Сыр өлкесіне 5,7 миллиард теңге бөлінетінін тағы бір рет жеткізді. Сонымен қатар, өнім өндіру бағыты мен ауылшаруашылығы бағытындағы ауқымды жобаларға көңіл бөлу керектігін тапсырды.


Демек, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірде іске асырылуы екі есеге артып, атқарылатын жұмыс та, кәсіпкерлер де көбейеді деген сөз.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ