Владимир Душкаев салық қазынасына бір тиын да берешегі жоқ екеніне сенімді.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы елордалық 80 жастағы зейнеткерге мемлекет алдында 1 млн теңге көлемінде қарызы бар екенін хабарлаған. Алайда Владимир Душкаев салық қазынасына бір тиын да берешегі жоқ екеніне сенімді, деп жазады Azattyq Rýhy
2020 жылдың ақпан айында Владимир Душкаевқа аудандық мемлекеттік кірістер бақармасынан салықтық қарыз жөніндегі хабарлама келіп түскен. Ақсақалдың айтуынша, мәселе оның бұрынғы жекеменшік кеңсесімен байланысты.
Айтуынша, ол 2018 жылға дейін өз кеңсесін жалға беріп, патент негізінде оңайлатылған салық режимінің есебінде тұрған.
«2018 жылдың 15 мамырында мен өз кеңсемді сатып жібердім. Тиісінше мемлекеттік кірістер басқармасына кеңсені сату және есептен шығару жөнінде өтініш жаздым. Өтініштің жанына сатып алу-сату жөніндегі келісімшартының көшірмесін қыстырдым. Сондай-ақ, МКБ қызметкерінен қарыздарымның бар-жоқтығын анықтауды сұрадым. Өз кезегінде МКБ өкілі ешбір қарызымның жоқтығын ескертті. Сонымен қатар, менің патентімнің мерізімі 2018 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Өтініш жазбаған күннің өзінде заң бойынша 2 айдан кейін мен автоматты түрде есептен шығарылатын едім. Кеңсені сатып жіберуіме байланысты мен патентті қайта сатып алған жоқпын», - деді Владимир Душкаев.
Алайда Владимир Душкаев салық есебінен шығарылмаған болып шықты. Ал былтыр ақсақалға жергілікті кірістер басқарамасынан бірнеше хабарлама келген. Солардың бірінде экс-кәсіпкерге мемлекеттік орган кассалық аппарат алуды да міндеттеген екен.
«2020 жылдың 3 маусымындағы «Кассалық аппарат алу туралы хабарлама» мені тіптен мазақ қылумен тең. Хабарламаны мен қолыма 2020 жылдың 31 тамызында алдым. Ол жерде «кассалық аппарат алып, оны 2020 жылдың 1 қаңтарымен тіркеу керектігі туралы» міндеттеме жазылған. Мен аппаратты 7 айдан кейін алып, оны өтіп кеткен уақытпен қалай тіркеймін? Бұл заңбұзушылық емес пе?», - дейді зейнеткер.
Қарызды төлеуден бас тартқан ақсақал кірістер басқармасының мұндай әрекетін жалған деп, хабарлама жібергендерді сотқа берген. Алайда Байқоңыр аудандық соты шешімді мемлекеттік кірістер басқармасының пайдасына шығарыпты. Мұнымен келіспеген Владимир Душкаев қалалық сотқа аппеляциялық шағым түсірген. Оның айтуынша, сот істі біржақты қарап, жауап берушіден тиісті материалдарды талап етпей, өрескел қателіктерге жол берген.
«Сот процесінде және менің дәлелдемелерімнің негізінде жауапкер бұл хабарламаның заңсыздығын мойындады және мені есептен шығарды. Алайда сот бұл эпизодты ескермей, өз шешімінде «хабарламаның орындалуына байланысты есептен шығарылды» деп көрсетті. Ал іс жүзінде мен бұл хабарламаны орындауым үшін, яғни кассалық аппаратты алуым үшін жеке кәсіпкер болуым тиіс. Ал жауап беруші тарап сотқа менің «жеке кәсіпкер» екенімді дәлелдейтін бірде-бір құжат ұсынған жоқ, сот та талап еткен жоқ», - дейді Владимир Душкаев.
Бұған дейін 2020 жылдың ақпан айында Мемлекеттік кірістер органы Душкаевқа камералдық бақылаудың нәтижесінде анықтаған бұзушылықтар туралы хабарлама жіберген. Нәтижесінде қария салық қазынасына 1 млн теңге көлемінде қарыз болып шыққан. Душкаевтың айтуынша, бұл мәлімдеме шындыққа жанаспайды.
Бұл мәселе де сот отырысында қаралғанымен, іс мұнда да кірістер басқармасының пайдасына шешілген.
«Кірістер басқармасы камералдық бақылау жүргізбегеніне сенімдімін. Салық кодексінің 96-бабына сәйкес Кірістер басқармасы маған келген хабарламаның жанына камералдық бақылаудың актісін қосып жіберуі керек немесе мені актімен танысуға шақыруға тиіс еді. Содан кейін олар маған камералдық бақылау актісімен келісу немесе келіспеу туралы өтініш жазуды ұсынуы керек. Келіспеген жағдайда мен немен келіспейтінімді жазып, өтінішке өзімнің дәлелдемелерімнің құжаттарының көшірмелерін қоса беруім қажет. Мұның біреуі де болған жоқ. Осылайша Мемлекеттік кірістер басқармасы менің құқығымды бұзды», - дейді Владимир Душкаев.
Бұл мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарласып, мамандардан жауап алды. Алайда, ведомство өкілдері Душкаевтың 2018 жылғы салық есебіне камералдық бақылаудың жүргізілгені рас па, әлде жалған ба деген сауалға жауап беруден бас тартты, сондай-ақ, зейнеткердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен нақты қашан шығарылғаны туралы мәлімет берген жоқ.
«Владимир Айсаевич Душкаев жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен алынды. Мемлекеттік кірістер органдары ақпараттық жүйелерінің мәлеметтеріне сейкес, жеке кәсіпкер 2017 жылдың 17 ақпанынан бастап 2021 жылдың 21 мамырына дейін патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданды», - деп жауап берді Мемлекеттік кірістер комитеті.