ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірнеше маңызды бастаманы іске асыруға кірісті. Соның ішінде жемқорлардың тізімін жариялау, пара ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және тағы басқа маңызды өзгерістер бар. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілерге бизнеспен айналысуға тыйым салған заңға да түзетулер енгізіледі. Соның нәтижесінде кейбір басшыларға өз бизнесін ашуға рұқсат беріледі, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Конституциялық соттың шешімі
Бұған дейін Конституциялық сот мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген барлық тұлғаларға кәсіпкерлікпен және өзге де ақылы қызметпен айналысуға тыйым салу Ата заңымызға сәйкес келмейді деген шешімге келген. Сот мамандарының айтуынша, кәсіпкерлік қызметті шектеу лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болуға тиіс. Ондай шектеу тек нақты мемлекеттік органдарға қойылуы шарт. Олар:
ұлттық банк;
азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым;
қаржы нарығын реттеу агенттігі;
ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар.
Осы ұйымдардың қызметкерлері мемлекеттік қызметші болмаса да, бақылау-қадағалау өкілеттіктерін атқарады. Ал ұлттық холдингтер мен компаниялардың теңестірілген тұлғалар отандық экономика үшін стратегиялық маңызы бар функцияларға ие.
Қандай басшылар бизнеспен айналыса алады
Конституциялық сот мемлекеттік қызметшілер үшін тағы бірнеше жағдайда кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауға кедергі келтірсе немесе бұл қызметте қызметтік мүлікті пайдалану фактісі орын алғанда жағдайда, сондай-ақ, бұл қызмет олардың лауазымдық міндеттерімен мүдделер қақтығысын туындатса, бизнеспен айналысуға қатаң тыйым салынады.
Заңға енгізілген түзетулер қабылданған жағдайда бірқатар ұйымдар мен мекемелердің басшылары мен олардың орынбасарларына бизнес ашуға рұқсат беріледі. Олар:
республикалық мемлекеттік кәсіпорындар ;
коммуналдық кәсіпорындар, коммуналдық мемлекеттік мекемелер (мектептер, ауруханалар және т.б.);
Қазіргі кезде заң жобасы мәжілістің қарауына жатыр.