Мемлекеттің 12 млрд теңге қаржысына қайта жөнделген Ақсу қант зауыты тоқтап тұр

0
497

Аудан әкімдігіне бұл мәселені түбегейлі зерделеп, кемшіліктерді қайталамас үшін келесі жылдың қант қызылшасының алқаптарын ұлғайтып, технология талаптарын сақтап, гектар өнімділігін арттыру бағытында шаруашылықтармен пәрменді жұмыс жүргізудің нақты жоспарын жасау тапсырылды.


Мемлекеттің 12 млрд теңге қаржысына қайта жөнделген Ақсу қант зауыты тоқтап тұр

ERNUR.KZ. Жетісу облысындағы 12 млрд теңгеге қайта жаңғырған Ақсу қант зауыты тоқтап тұр. Нысанның жұмысын өңір басшысы Бейбіт Исабаев сынға алды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ақсу қант зауытына 12 млрд теңге бюджеттік инвестициялар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілгеніне қарамастан, зауыт тоқтап тұр. Соның салдарынан осы жазда қант тапшылығы орын алып, бағасы күрт өсті. Зауыт маңындағы қант қызылшасын өсірген фермерлер оны 150 шақырым жердегі Көксу қант зауытына тасымалдауға мәжбүр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қысқа мерзімде зауытты іске қосуды немесе жаңа инвесторлар тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, бізге облыстағы екі қант зауытының жүз пайыз жүктемесін қамтамасыз етіп, онда шығарылатын ақ қант көлемін 2026 жылға дейін 180 мың тоннаға дейін жеткізу керек», - деді Бейбіт Исабаев.

Бұл ретте мемлекет тарапынан қызылша өсірушілерге көрсетіліп отырған қолдаулар жайлы айтты. Дегенмен Ақсу ауданында 565 га қызылша себіліп, оның 500 гектарынан небәрі 4,1 мың тонна қызылша зауытқа өткізілген, өнімділігі 88 центнерді құраған.

Аудан әкімдігіне бұл мәселені түбегейлі зерделеп, кемшіліктерді қайталамас үшін келесі жылдың қант қызылшасының алқаптарын ұлғайтып, технология талаптарын сақтап, гектар өнімділігін арттыру бағытында шаруашылықтармен пәрменді жұмыс жүргізудің нақты жоспарын жасау тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 10 жыл бойы тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты 2017 жылы 25 қыркүйекте іске қосылған болатын.