Меморгандағы бюрократия: Экология министрлігінде 4 басшыға 1 орындаушы бары анықталды

0
769

Аталған ведомствоның орталық аппаратында штат саны - 122 бірлік.


Меморгандағы бюрократия: Экология министрлігінде 4 басшыға 1 орындаушы бары анықталды

ERNUR.KZ. Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірнеше министрліктің қызметіне талдау жасады. Оның арасында Экология және табиғи ресурстар министрлігі де бар, деп жазады inform.kz.

«Бюрократияның бірінші белгісі - басқару құрылымы мен штат санының жеткіліксіздігі немесе артық болуы. Мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдардың артық болуы жиі кездеседі. Бұл басшылық құрамға жүктемені азайтуға, басқарудың тиімділігі мен жеделдігін төмендетуге, жауапкершіліктің нақты еместігіне және қызметшілерді ынталандыруда қаржылық мүмкіндіктерді қысқартуға ықпал етеді», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер мысал ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігін келтірді. Аталған ведомствоның орталық аппаратында штат саны - 122 бірлік. Оның ішінде 61 лауазымды басшы және 61 орындаушы бар. Яғни, лауазымды басшылар мен орындаушылардың саны теңбе-тең.

«Экология министрлігі құрылымында бөлек департамент бар, онда арақатынас 4:1, яғни, 4 басшы және 1 орындаушы. Атап айтқанда, директор, директордың орынбасары, басқарманың екі басшысы және осының бәріне бір ғана сарапшы бар», - деп түсіндірді Салауат Мүксімов.