Менің Атамекенім порталында «Мектепке жол» платформасы іске қосылды

0
5 952

Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады


Менің Атамекенім порталында  «Мектепке жол» платформасы іске қосылды

Осы жылы алғаш рет "Менің Атамекенім" порталында "Мектепке жол" платформасы іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын өткізу жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Ендігі кезекте материалдық көмек көрсету үрдісі аталған акцияны өткізу кезеңімен шектелмей, жыл көлемінде жалғасатын болады. Осы жылы алғаш рет аталған акция шеңберінде "Менің Атамекенім" порталында «Мектепке жол» платформасы іске қосылды. Көзделген басты мақсат - көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында байланыс орнату және көмекке зәру адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерін жауапсыз қалдырмау.
Осы орайда 24 шілде күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асылованың және «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары О.Ордабаевтың қатысуымен "Менің Атамекенім" порталындағы «Мектепке жол» платформасы ресми іске қосылды. "Менің Атамекенім" порталындағы «Мектепке жол» платформасы - халықтың әлеуметтік мәселелеріне жылдам жауап беруге, сондай-ақ, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін ыңғайлы және ашық жүйе. Айта кеткен жөн, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтар білім беру органдары мен ұйымдары арқылы да көмек көрсете алады.
- Алдымызда жаңа оқу жылы келе жатыр. Сәйкесінше, оқушыларымызға оқу құралдары мен мектеп формасы қажет екенін білесіздер. Осы мәселені шешу үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акция аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған, - деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов оқушыларды мектепке дайындау мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған акциядан 2018 жылдың қорытындысы бойынша 328 766 оқушы 2 млрд. 822 млн. 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек алғанын да тілге тиек етті.
Бұл тек жылына бір рет ұйымдастырылатын акция болғандықтан, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасына сәйкес, осы акцияға жаңашылдық енгізілді.
Бұдан былай, «Мектепке жол» акциясы 2 ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады. Нақтылап айтсам, біздің министрлік «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі көмек көрсету механизмге қосымша ретінде портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік, - деді ол.
Министрдің пікірінше, ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады екен.
Сонымен, бүгіннен бастап «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» акциясының жұмысын ресми түрде іске қосамыз. Нәтижесінде бірнеше мәселелерді шешеміз:
біріншіден, біз балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуға көмектесеюуге мүмкіндік болады;
екіншіден, көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады;
үшіншіден, көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етеміз;
төртіншіден, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылау мүмкін болады.
Құрметті достар, «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады. Мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмен-меценаттарды, ректорларды және баршаңызды осы акцияға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Кез келген істі басқаға айтпас бұрын, алдымен, өзім үлгі болуым керек деген оймен акцияны өзімнен бастайын деп отырмын. Жақсылық жасайық, достар! - деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Дереккөз: ҚР БҒМ баспасөз қызметі.