«Менің жазғы каникулым» жобасы аясында 12,6 мыңнан астам оқушы мен студент жұмысқа орналасты

0
126

Қазақстанда екінші жыл қатарынан «Менің жазғы каникулым» жобасы іске асырылуда.


«Менің жазғы каникулым» жобасы аясында 12,6 мыңнан астам оқушы мен студент жұмысқа орналасты

ERNUR.KZ. Жоба жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің заңды әрі қауіпсіз еңбекпен қамтылуына қосымша мүмкіндік береді. Жобаның негізгі құралдарының бірі – Enbek.kz Электрондық еңбек биржасындағы «Менің жазғы каникулым» арнайы бөлімі. Оның көмегімен оқушылар қолжетімді бос жұмыс орындарымен танысып, түйіндемесін орналастырып, өздеріне қолайлы уақытша жұмысты өз бетінше таңдай алады, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жұмысқа орналасу мүмкіндігі заңнамада азаматтың жасына және белгіленген талаптарға сәйкес көзделген. Атап айтқанда, әдетте еңбек шарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда 14 жастан бастап оқушылармен де еңбек шарты жасалуы мүмкін. Бұл ретте жұмыс оқу уақытынан тыс кезеңде орындалуы, баланың денсаулығына зиян келтірмеуі және оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс. Ата-анасының, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімі талап етіліп, еңбек шартына да заңды өкіл қол қояды.

Жоба жасөспірімдерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, жұмыс берушілердің талаптарымен танысуға, практикалық дағдыларды меңгеруге және жұмыс іздеудің заманауи цифрлық құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді.

2026 жылы «Менің жазғы каникулым» жобасы аясында 12,6 мыңнан астам оқушы мен студент жұмысқа орналасты. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында курьер, промоутер, кеңсе көмекшісі, call-орталық операторы, әкімші және сатушы көмекшісі сияқты жұмыстар бар. Сонымен қатар жасөспірімдер архивтерде және басқа да жеңіл әкімшілік жұмыстарда, сондай-ақ мәдениет пен шығармашылық саласында еңбек етті.

Уақытша жұмыспен қамтудың қосымша мүмкіндіктері басқа да құралдар арқылы ұсынылды. Жазғы демалыс кезінде 18,2 мың оқушы мен студент цифрлық платформалар арқылы жұмысқа орналастырылса, тағы 5,4 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты.

Кәмелетке толмағандарды еңбекпен қамту кезінде олардың еңбек құқықтарын сақтау мен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. 18 жасқа толмаған жұмыскерлер үшін заңнамада жұмыс уақытының ұзақтығына қатысты шектеулер, ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ түнгі және үстеме жұмысқа тыйым салу сияқты қосымша кепілдіктер қарастырылған.

2026 жылы профилактикалық жұмыс аясында мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 256 кәсіпорын мен ұйымды тексерді. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану орындары, жанармай құю станциялары, автожуу орындары, компьютерлік клубтар, сауда және ойын-сауық нысандары, саябақтардағы, базарлардағы және сауда-ойын-сауық орталықтарындағы объектілер, сондай-ақ шаруа қожалықтары, техникалық қызмет көрсету станциялары, қалалық жағажайлар, демалыс орындары және басқа да нысандар бар.

Жасөспірімдердің қауіпсіз әрі ресми жұмыспен қамтылуын дамыту жалғасуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға шақырады.

Ата-аналар мен жасөспірімдерге ресми жұмысқа орналасуға басымдық беріп, еңбек жағдайларымен алдын ала танысып, ұсынылып отырған жұмыс түрінің жасына және еңбек заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетініне көз жеткізу ұсынылады.

«Менің жазғы каникулым» жобасы қазақстандық жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін қауіпсіз әрі заңды жағдайда жинақтауына, өз бетінше жұмыс іздеу дағдыларын дамытуына және еңбек нарығымен танысуына мүмкіндік беріп келеді.