Мерзімі өткен теңге банкноттарын айырбастау мерзімі өзгереді

0
2 462

Бұған дейін Ұлттық банк 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау мен ауыстыру мерзімін 2021 жылғы 1 ақпанға дейін ұзартқан болатын.


Мерзімі өткен теңге банкноттарын айырбастау мерзімі өзгереді

ERNUR.KZ. Елімізде 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айырбастауға қатысты жаңа шешім қабылданады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаевтың жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.


«2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар 2006 жылғы 15 қарашада айналысқа шығарылды және 2016 жылғы 4 қазаннан бастап заңды төлем құралы болуын тоқтатты. Екінші деңгейдегі банктер мен ұлттық пошта операторы 2016 жылдан бастап 12 ай ішінде және Ұлттық банктің филиалдары 2020 жылғы 5 қазанға дейін жоғарыда көрсетілген банкноттарды қабылдап, ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне айырбастады», - деді Ерболат Досаев.


Оның атап өтуінше, бұған дейін Ұлттық банк барлық азаматтар ескі банкноттарды уақтылы айырбастай алмауына байланысты 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау мен ауыстыру мерзімін 2021 жылғы 1 ақпанға дейін ұзартқан болатын. Енді, бұл шешімге тағы өзгеріс енгізілгелі отыр.


«Сонымен қатар, Ұлттық банк келіп түскен азаматтардың өтініштерін ескере отырып, сондай-ақ халықаралық тәжірибені назарға алып, Ұлттық банк филиалдарының 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды және кейінгі жылдары шығарылған банкноттарды айырбастауының мерзімсіз кезеңін енгізу туралы шешім қабылдайды. Ұлттық банктің актілеріне тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды мерзімсіз айырбастау жөніндегі ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады»,- деді ол.