Кадрлардан ақ көйлек киген қалыңдықтың жекпе-жек шебіне тұрып, "бокспен" айналыса бастағанын көруге болады.
Бейнежазбадан кадр
ERNUR.KZ. Қыз ұзату тойында болған ерекше оқиға Қазнет қолданушыларының назарын аударды. Қалыңдық салтанатты шара кезінде спарринг өткізген, деп жазады tengrinews.kz.
Видеоны асаба Айдархан Жанділдин жариялады. Кадрлардан ақ көйлек киген қалыңдықтың жекпе-жек шебіне тұрып, "бокспен" айналыса бастағанын көруге болады.
Ерекше өнер көрсетілген кадрлар әлеуметтік желілерде тез тарап, көптеген қаралым мен пікір жинады. Желі қолданушылары қыз ұзатуда мұндай форматты әлі көрмегендерін айтып жатыр.
"Енесі енді қонаққа тек бейбіт ниетпен келетін шығар", "Енесі видеоны көріп, келінмен тату болған дұрыс деп шешкен сияқты", "Міне, нағыз қалыңдық", "Сұлу, жарайсың", "Үйде тәртіпке кімнің жауап беретіні бірден белгілі болды", "Туыстармен танысудың кереметі-ай", "Енесі: "Келінім қандай болады?", Асаба: "Қазір көрсетеміз", "Мұны көрген күйеуі: ең бастысы, бәрімен келісу керек дейтін шығар", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Бұл 22 жастағы Аида Жолдасова болып шықты. Ол бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Аида 13 жасынан бастап бокспен айналысқан.
Іс-шараның өзі қыркүйектің басында өткен. Қалыңдықтың айтуынша, той кезінде асаба қыз бен жаттықтырушысының арасында импровизацияланған шағын спарринг ұйымдастырған.
"Той жақсы басталды, асаба менің боксшы екенімді білмеген екен. Білген кезде ол жаттықтырушым екеуімізге лапамен жекпе-жек өткізуді ұсынды", - деді Аида.
Боксшы қыз салтанатты шарада өзінің спорттық шеберлігін көрсетіп, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.
Желі қолданушыларының "тойда спарринг өткізудің не керегі бар еді?" және "қалыңдық мұнымен кімді таңғалдырғысы келді?" деген сияқты екіұшты пікірлеріне Аида мән бермеуге тырысады. Себебі оның жақындары қыздың жетістіктерін мақтан тұтады.
"Менің туыстарым әрқашан мақтан еткен. Күйеуімнің отбасы да менің бокспен айналысатынымды біледі", - деп атап өтті Аида Жолдасова.


