Сауда орталықтарының қожайындары паркингтерді ТЖ кезінде пайдалануға беруге қарсы емес.
Фото: primeminister.kz
ERNUR.KZ. Қазақстанда енді паркингтер мен жертөлелер бомбадан қорғанатын пана болады. Бұл туралы төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, әлемдік практикадан паркингтер, жертөлелер мен жерасты құрылыстар сияқты қарапайым паналардың тиімділігі зор екені байқалады.
«Үлкен конструкцияларды пайдаланып бомбадан қорғайтын пана салу тәжірибесінен бас тартып жатырмыз. Қарапайым халық үшін паркингтер мен жертөлелерді бомбадан қорғайтын панаға жатқыздық. Біздің есебіміз бойынша мұндай қарапайым орындарға 14 миллионға жуық адамды сыйдыруға болады», - деді Әрінов Мәжіліс кулуарында.
Министр ірі сауда орталықтарының иелері төтенше жағдай кезінде паркингтерді «бомбапана» ретінде беруге дайын екенін атап өтті.
Ал өнеркәсіптік кәсіпорындарда, стратегиялық нысандарда орналасқан бомбадан қорғайтын паналардың 70 пайызы – жекеменшік. Әріновтің айтуынша, мұндай бомбапаналарда, ең алдымен, сол кәсіпорынның қызметкерлері жасырынады. Олардың жеке қолға өтуі заңға қайшы емес екен. Дегенмен, министр мұндай паналардың жай-күйіне қатысты проблема барын жасырмады.
«Әрине, бомбадан қорғайтын паналардың жай-күйіне қатысты проблема бар. Біз оны жасырмаймыз. Біз оларды ретке келтіріп, жергілікті атқарушы органдармен тізім жасап, соған енгіземіз. Бұрын кәсіпорындар осындай бомбадан қорғайтын паналарды бұзып немесе басқа жаққа ауыстырып, не істегісі келсе, соны істеген. Енді ондай болмайды. Бәрін бақылауда ұстаймыз», - деді Әрінов.
Айтуынша, өнеркәсіп нысандарында орналасқан бомбадан қорғайтын паналар саны мыңнан асады.