Өзбекстан мен Тәжікстан тарапынан етке сұраныс күрт өскен.
фото:Sputnik / Саид Царнаев
ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сиыр етінің бағасы не себепті қымбаттағанын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде еттің бағасы тұрақты деңгейге түсе бастады.
"Бұған дейін Өзбекстан мен Тәжікстан тарапынан етке сұраныс күрт өсті. Сол кезде делдалдар да араласып, бағаны көтере бастады. Қазір баға ақырындап тұрақтала бастады. Мен өзім етпен айналысатындарға хабарласып көрдім. Еттің бағасы 2 700 теңгеден басталып, 3 300 теңгеге дейін болып тұр, 3 500 теңге де бар шығар. Кесек ет пе, сүйегі бола ма, мүшесіне қарай баға да қойылады", - деді Сапаров үкіметте өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі жеп-шөп жеткілікті. Бағасы да арзан – 50 мың теңге. Сондықтан еттің бағасы көтерілмеуі керек.
"Бағаға болжам жасай алмаймын. Себебі сауда орталықтары бар ғой. Біздің міндетіміз – етті өндіру. Ал жергілікті жерде сауда департаменттері бар. Олар шекті баға мен үстемеақыны бақылап отыруға міндетті. Солардың жұмысы. Мысалы, сауда департаменттері дұрыс істеп жатқан аймақтарда еттің бағасы 2 700 теңге болып тұр", - деп атап өтті министр.