Катердің бұрандалары әйелдің басы мен қолын жұлып әкеткен. Марқұмның бұл дене бөліктері әлі табылмаған.
ERNUR.KZ. Оралда жергілікті тұрғын Екатерина Ананьеваға қатысты іс қайта қаралды, - деп жазады Stan.kz.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Тергеушілер құқыққа қарсы әрекетті ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша саралаған.
Бұған дейін іс ҚР ҚК 344 - бабы, 2-бөлігі ("темір жол, әуе, теңіз немесе өзен көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу") әлдеқайда жұмсақ бап бойынша қарастырылған.
Бір күн бұрын жәбірленушілер күдіктінің адвокаттарымен келісімге келіп, бітімгершілік келісім жасағанын айтты.
"Баланың әкесі көңіл айтты. Ол біздің жағдайымызды сезінді. Біз сотқа барғанда, қылмыскерді көреміз деп күттік. Бірақ өзі қорқып тұрған баланы көрдік. Біздің оған жанымыз ашиды. Біз жасөспірімді кешірдік және ешқандай шағымымыз жоқ. Соттан оны үйқамаққа шығаруды сұраймыз. Іс сотта қаралсын. Біз қылмыстың абайсызда жасалғанына сенімдіміз. Балалар қайықпен жүрді, тіпті Екатеринаны көрмеген де болуы керек. Бұл оқиға олар үшін өмір бойы сабақ болады", - деді қайтыс болған әйелдің әпкесі Людмила Еркеналиева.
Еске салайық, Екатерина Ананьевамен болған қайғылы оқиға 2020 жылғы 6 маусымда Шаған өзенінде орын алды. Кешкі уақытта саяжайда жұмыс істегеннен кейін 40 жастағы әйел өзенде досымен бірге шомылып, жағадан жүзіп кеткен. Осы сәтте оны үлкен жылдамдықпен жүріп өткен катер қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, қайықта жас жігіт пен қыз болған. Болжам бойынша, қайықтағы адамдар мас болған.
Катердің бұрандалары әйелдің басы мен қолын жұлып әкеткен. Марқұмның бұл дене бөліктері әлі табылмаған. Іс үлкен қоғамдық резонанс тудырды.
Айта кетейік, 5 тамызда күдікті - БҚО мәслихат депутаты Валерий Крыловтың ұлы, 17 жастағы Артем Крылов ұсталды. Сот күдіктіні қамауға алуға санкция берді.