Мұғалім "Qoslike" бағдарламасына қатысамын деп мектептегі жұмысынан қуылды

0
739

Аяқ астынан жұмыстан қуылғаннан кейін әйел қатты қобалжып, күйзеліске түскенін айтады.


Мұғалім

фото ғаламтордан

Алматы облысының тұрғыны Индира Патталова жеке өмірін ретке келтіріп, өз бақытын табу үшін Qoslike жобасына келген. Алайда ағылшын тілінің мұғалімі болып істеген оны эфирден кейін жұмыстан шығарып жіберген, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия арнасына сілтеме жасап.

34 жастағы Индира Патталова ұзақ жылдық жалғыздықтан кейін өмірлік серігін табу үшін Qoslike бағдарламасына үміткер ретінде келген. Өз бақытын іздеген ол эфирден соң күтпеген жағдайға тап болды. Қаскелеңдегі Пушкин атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін ұстаз бағдарламадан кейін жұмысынан қуылған.

“Мені мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары күтіп алды. Сол кісімен сөйлестім. Көптеген пікірлер айтты. Сөзінің төркінін түсіндім. Өзімнің отбасылық жағдайыма байланысты деп айтып, орнымды босатуыма тура келді. Өтініш жазып, жұмыстан шығып кеттім”, – дейді Индира Патталова.

Индира 10 жылға жуық Нұрсұлтан Әлімқұлоов атындағы орта мектепте жұмыс істеп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Ол жерден жұмыстан шығып, А.С.Пушкин атындағы орта мектепке қатардағы мұғалім ретінде жұмысқа кіргеніне бір айдай ғана уақыт болған. Алайда аяқ астынан жұмыстан қуылғаннан кейін әйел қатты қобалжып, күйзеліске түскенін айтады.

“Өте қатты күйзеліске түскенім соншалық үйдегілермен де сөйлеспей қойдым. Екі-үш күн бойы ешкіммен тілдеспей, тек жылаумен күнім өтті. Көбісі байқады. Эфирге әрең шығып жүрдім”, – дейді сыңарын іздеген ару.

Ал Qoslike ұжымы мектеп басшылығының бұл шешімімен мүлдем келіспейді. Өз бақытын табуға келген нәзік жандыны бұлай қорлауға болмайды деп отыр.

“Неге мұғалім бақытты болуға лайық емес? Неге мұғалім тікелей эфирге келіп, өзінің жеке өмірін құрастыра алмайды. Бұл жерде ешқандай да ұятты қылық танытып жатқан жоқ. Бұл жерде ешкіммен арпалысып, ұрсысып, біреудің шашынан жұлып жатқан жоқ. Кем дегенде өзінің бір екінші көктемін қарсы алатын адамды ғана іздеді. Оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын”, – дейді бағдарлама жүргізушісі Диана Скатова.

Әңгіменің анық-қанығын білу үшін тілшілер Индира Патталова істейтін мектепке барған. Алайда ондағылар мектеп директорының орнында жоқ екенін айтып, пікір беруден бас тартыпты.

Сондай-ақ бұл жағдайға Қарасай аудандық білім басқармасы пікір білдірді.

"Мектеп әкімшілігінен не жағдай болғанын сұрадық. Өздеріңізге белгілі, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан босату тікелей мектеп директоры тарапынан атқарылатын жұмыс. Аталған мұғалім 1 қыркүйекте жұмысқа қабылданған. Осы ағымдағы жылдың 1 қазанында өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берген. Ал Qoslike бағдарламасына 3 қазан күні барып, түсірілімге қатысқан”, – дейді Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әсел Еркінбаева.