Назарбаев Зияткерлік мектебі қой сойып, балаларға табақ тартуды үйретті (ФОТО, ВИДЕО)

0
2 694

Мұндай шара Жастар жылы аясында мектебімізде алғаш рет ұйымдастырылды.


Назарбаев Зияткерлік мектебі қой сойып, балаларға табақ тартуды үйретті (ФОТО, ВИДЕО)

ERNUR.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ас арқауы – ет» атты қазақтың ұлттық тағамы - бешбармақ асу мен етті мүшелеп салудан шеберлік сағаты өтті, деп жазады pavlodarnews.kz.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Ақшолақованың айтуынша, қасиетті жұма күні оқу жылын сәтті аяқтау ниетімен арнайы қой сойып, игі бастамаға 15 ата-ана мен 10-11 сыныптардан 50 оқушы қатысқан.

Мұндай шара Жастар жылы аясында мектебімізде алғаш рет ұйымдастырылды, - дейді Бибігүл Ақшолақова. – Қазақта қонақтарға тартылатын табақтардың түрлері көп. Оның ішінде ең негізгілері: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ. Өскелең ұрпақ осы дәстүрімізді жақсы білуі тиіс. Сондықтан ата-аналар қауымдастығын қолдау шеңберінде дастархан жайылып, өздері даярлаған астан дәм тартылды.

Мұндай шеберлік сағатын өткізу туралы ұсынысты білім ордасының педагог-ұйымдастырушы-кураторлары білдірген. - Қазақ халқы «Дастарқаның кең болсын, пиғылың оған тең болсын», «Дастарқанында дәм тұрса, үйде мән тұрады» деп бекер айтпаған, - дейді педагог-ұйымдастырушы-кураторлар Әлия Серікова мен Жанбота Қуанышева. - Дастарханның молшылығы - береке мен бірліктің белгісі. Ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, тәжірибе жүзінде ер балаларға қойдың етін мүшелеу, ет турау, қыздарға етті үлкен және кіші табақтарға үлестіру, қамыр илеу, жайма жаю, сорпа әзірлеу дәстүрлері үйретілді.

12 «А» сынып оқушысы Лейла Қалиева шарадан үлкен әсер алғанын және болашақта мұндай шеберлік сабағының есінде жақсы қалатынын айтады. - Қазақтың басты тағамы – бешбармақтың дайындалу тәсілімен толығымен таныстық, - дейді ол. - Мысалы, сыйлы қонақ келген кезде дәмді қалай дұрыс ұсыну керек, қандай мүшенің кімге ұсынылатыны жайлы көптеген пайдалы ақпарат алдым. Әсіресе, мұның барлығы болашақта отбасын құрған кезде пайдасы зор болмақ.

Еске сала кетейік, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылы 27 тамызда ашылған. Бес жыл ішінде аталмыш білім ордасын 374 түлек сәтті аяқтады. Бүгінде 36 түлек Назарбаев Университетінде оқыса, 42 түлек жақын және алыс шетелдердегі жоғары оқу орындарында білім алуда. 2018-2019 оқу жылында мектеп бүкіл әлем бойынша 697 мектеп пен 508 университетті және колледждерді қамтитын танымал ұйым болып табылатын Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан өтіп, сертификатқа иеленген.