Елордада «VOLGA DNEPR AIRLINES» компаниясы ұшағы тоқтатылды.
ERNUR.KZ. Мемлекеттік кірістер комитеті мұның себебін түсіндірді, деп жазады ulysmedia.kz.
«26.06.2022 күні жергілікті уақытпен сағат 13:40-та елорданың «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайында «VOLGA DNEPR AIRLINES» әуе компаниясының Үрімші (ҚХР) – Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағытындағы коммерциялық рейсінің RA-82074 нөмірлі әуе кемесі тоқтаған. Ол туралы әуежай қызметі «Әуежай Астана» кеден бекетінің қызметкерлеріне тез арада хабарлаған. Д егенмен, әуе кемесінің экипажы және оның өкілі белгіленген уақыт ішінде кедендік рәсімдеуге қажетті кедендік құжаттар мен мәліметтерді ұсынбаған. Сондықтан, әуе компаниясына қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 538-бабымен әкімшіліктік өндіріс қозғалды. Бұл бұзушылық үшін жиырма айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл қаралған» делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес, тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген тұлғалар келуі туралы хабардар еткен кезден бастап үш сағат ішінде көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға міндетті. Әуе компаниясының өкілдері бұзушылықпен келісіп, кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға қатысты барлық кедендік операциялар орындалған соң әуе кемесі бірден жіберіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінде аталған заң бұзушылық кедендік әкімшілендіру саласындағы кәдімгі әкімшілік құқық бұзушылық екенін ескертіп, саяси астарының жоқ екенін хабарлады .