Елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас орнаған.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Словакия Премьер-Министрінің бұл сапары мемлекетаралық байланыстырды одан әрі нығайтуға және экономиканың түрлі салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге серпін беретінін атап өтті.
– Елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Сапарыңыздың барысында Премьер-Министр Б.Сағынтаевпен кездесу өткіздіңіз. Сізбен бірге Қазақстанға бизнес өкілдері де келіпті. Осы сапарыңыз өзара байланыстарымызды дамытуға жаңаша жол ашады деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
П.Пеллегрини еліміздің әлемде мемлекетаралық диалог орнату ісіндегі маңызды рөлі жөнінде айтты.
– Қазақстанның халықаралық қатынастар саласындағы беделі зор. Көптеген халықаралық мәселелерді шешу жолындағы Қазақстанның тұрақтандырушы рөлін жоғары бағалаймыз, – деді Словакия Республикасының Премьер-Министрі.
Сонымен қатар, П.Пеллегрини екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды өркендетудің маңыздылығын атап өтіп, агроөнеркәсіп және индустрия секторларында, көлік-логистика саласында, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.