Мектепке барып коронавирус жұқтырған балалардың барлығы ауылды мекенде тұратындығы анықталды.
ERNUR.KZ. Министрдің айтуынша, оқушылар 100 пайыз қашықтан білім алса да, аурумен байланыста болғандар саны кем дегенде 1500 адамға дейін өседі. Сөйтіп, оқушылар, мектеп қызметкерлері бар отбасында науқастар саны күрт өсуі мүмкін, деп жазады aikyn.kz.
Оқушылардың үйде оқығаны дұрыс
Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Алиевтың айтуынша, оқу жылының басынан бері облыста мектеп жасындағы 11 бала вирус жұқтырған. Оның ішінде 6 оқушы қашықтан білім алды. Бұл балалардың алтауында вирустың белгілері жоқ түрі және бесеуінде белгілері бар түрі анықталып отыр.
«Күзгі кезеңде респираторлық вирустық инфекциялармен Коронавируссырқаттанушылардың өсуі байқалады. Осы ретте коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі ықтимал. Оқу жылы басталғалы бері оқушылардың бір-бірімен байланыста болуы артты. Соған сай вирус та мектеп оқушыларынан анықталып отыр. Вирустың жеңіл түрін жұқтырған балаларға оқшаулау жағдайларына байланысты амбулаториялық ем тағайындалды. Бүгінгі таңда балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Мектепте жұмыс істейтін мұғалімдермен оқушылардың ұзақ уақытқа бір-бірімен байланыста болуы вирустық инфекциялардың таралу қаупін арттырады. Сондықтан күзгі кезеңдегі қашықтан оқыту формасы вирустық инфекциялардың, оның ішінде ұйымдастырылған топтар арасында коронавирустық инфекциялардың алдын-алудың ең тиімді шарасы болмақ», − дейді Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Алиев.
Вирусты тойға барған ата-анасынан жұқтыруы мүмкін
Облыстық бас санитар дәрігердің мектепке келмей, үйде оқу қауіпсіз деген пікірін Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, статистикадан вирусты үйде отырып жұқтырған балалардың саны екі есе артық екенін көруге болады.
«Әр адам денсаулығына өзі жауапты. Өйткені таңдау жасау әркімнің өз қолында. Мысалы, біреулер балаларды мектепке жіберудің қажеті жоқ десе, енді бірі үйде отырған бала да ауырады. Оған кінәлі әке-шешесі деген пікірде. Себебі, той-томалақ әлі тарқамай тұр. Барлығымыз бұл аурудың бізге ұзаққа келгенін түсіну керекпіз. Сақтансаң сақтайды. Коронавирусты жұқтырып алмауы, қауіпсіздік деңгейі адамдардың өз қолында. Балаларды үйде оқыту керек деген ата-аналарға айтарым, бала таңнан кешке дейін үйде отырмайды. Сыртқа шығып, достарымен араласады. Дүкенге барады. Саябақта жүреді. Бала болған соң, бір бөтелкеден су ішуі мүмкін. Үйдегі әке-шешесі баласына қол жуу керегін, маска тағу қажеттігін ары кетсе 2-3 рет айтуы мүмкін. Оны орындап жатқан бала бар болса жақсы ғой. Олай болмаса ше? Мектепте санитарлық нормалар толығымен сақталған. Балалар қолдарын антисептикпен қайта-қайта залалсыздандырып отыр. Сол себепті, мектепте вирус жұқтырғандар саны екі есе төмен. Бұл балаларды қорықпай мектепке жібере беруге болатынын көрсетіп отыр», – дейді депутат.
Оның айтуынша, біз үнемі үлгі ететін дамыған елдерде білім беру офлайн жүргізіліп жатыр. Балалар санитарлық нормаларды сақтап, мектепке барып жүр. Егер сыныпта бір-екі бала ауырып қалса, онда коронавирус анықталған сынып карантинге жабылады. Барлық мектеп жабылмайды. Бұл дегенміз әлем елдері вируспен бірге өмір сүруге дағдыланып келеді деген сөз.
«Әлеуметтік желілерде өзге елдерде мектептердің жаппай жабылып жатқаны жиі айтылып жүр. Ондай ақпарат жалған. Себебі, кейбір елдер мүлдем қашықтан оқу дегенді білмейді. Тіпті, вирус алғаш анықталған кезде де мектептері жабылмаған елдер бар. Бәрі санитарлық талаптарды орындап дәстүрлі түрде білім алуда. Қорқудың қажеті жоқ. Менің немерем де мектепке барып жүр. Мен оның үйден білім алғаннан гөрі, мектепке барғанын құптаймын», − дейді Мәжілісінің депутаты.
Балаңыз мектепте оқысын десеңіз…
Ескеретін тағы бір жайт, вирус жұқтырған балалардың көбі ауыл мектептерінен. Осы ретте, ауылдағы мектептерде ауыз су мәселесі қандай? Санитарлық нормалар қаншалықты сақталған? Әрбір анықталған аурудың себебін облыстағы санитарлық мамандар толықтай зерттеп, қорытындысын шығарды ма? Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені қадағалай ма? Бұл сұрақтың жауабын ауылды жерден вирус жұғып «қызыл аймаққа ілінген» облыстардың бас дәрігерлерінен сұрап көрдік.
«Шығыс Қазақстан облысында қыркүйектің 1 мен 30 аралығында 27 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған, оның 13-і кезекші сыныптарда оқитындар, қалған 14-і қашықтықтан білім алып жатқандар. 30 қыркүйектегі соңғы ақпарттарға сәйкес, 27 оқушының 6-ауы қауіпті вирустан жазылып, қазіргі таңда оқуын қайта жалғастыруда. COVID-19 вирусы анықталған білім алушылардың 12-сі күнделікті таңертеңгі тексеріс кезінде анықталған. Оқушылардың басым бөлігі вирусты ата-аналарынан жұтырғаны белгілі болып отыр. Бүгінде ШҚО аумағында мектептердегі коронавирус инфекциясының ошағы болып табылатын сыныптарға қашықтықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарылды», − дейді Шығыс Қазақстан облысының Бас санитар дәрігері Марат Исмаилов.
Оның айтуынша, баласы мектепке барып білім алғанын қалаған ата-ана мынандай талаптарды орындауы шарт:
Оқушыларға вакцина тегін емес
Мектепке барып коронавирус жұқтырған балалардың барлығы ауылды мекенде тұратынын Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов те растап отыр.
«Ауылды мектептер барлық жағдайға дайын. Егер мектептен бір баладан я болмаса мұғалімнен вирус анықталған жағдайда мектеп толықтай 14 күнге карантинге жабылады. Вирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар міндетті түрде тест тапсырады. Жылда күзде тұмау жұқтырып ауырған адамдар саны елімізде 600-мыңнан 1 млн адамға дейінгі аралықты қамиды. Тұмау жұтырмас үшін оған қарсы вакцина салу керек. Елімізде күрделі топқа кіретін 2 млн адам бұл вакцинаны тегін ала алады. Яғни, жасы 60-тан асқан азаматтар, медицина қызметкерлері, белгілі бір ауру бойынша тіркеуде тұрған азаматтардың тегін алуға мүмкіндігі бар. Арнайы есепте тұрған балаларға тегін салынады. Вакцинаның түріне байланысты бағасы 2 мың теңге мен 4 мың теңге аралығында. Қанша адам ауырса да денсаулық сақтау министрлігі барлық жағдайға дайын» −, дейді Бағдат Қожахметов.