"Өлім аузында жатқанда қарап тұрған": Алматы облысында әйелін өлтіруге киллер жалдаған қаскөй сотталды

0
614

​Ермошенко әйелімен болған арадағы араздыққа байланысты оны жалдамалы қанішер көмегімен өлтіруді ойластырған.


ERNUR.KZ. Алматы облысында 34 жастағы әйелді бір жасар қызының көзінше өлтірген қаскөйлерге сот үкім шықты, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл жағдай 2020 жылдың 13 қарашасында болған. Іле ауданы Қапшағай тас жолына жақын жерде адам аз жүретін маңда Светлана Ермошенконы өлтіріп кетті. Сол сәтте марқұмның туыстары Светлананы өлтіруге күйеуі "тапсырыс берген" деп ойлайтынын жеткізді. Себебі отбасында келеңсіз жағдайлар болып, күйеуі ажырасып, қызын алып кетемін деп қорқытқан.

Полиция қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады. 27 сәуірде Қарасай ауданы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты екі күдіктіге қатысты үкім шығарды.

Осылайша, марқұмның туыстарының күдігі расталды. Сот марқұм Светлана Ермошенконың күйеуі – 38 жастағы Александр Ермошенконы қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша ("адам өлтіру") қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде 18 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ал қылмысты жасаған 35 жастағы Валерий Матяшин қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша ("адам өлтіру") 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ Ермошенко мен Матяшин марқұмның отбасына 20 миллион теңге көлемінде моральды шығын өтеуге міндеттелді.

"Құрылыс компаниясының қызметкері Александр Ермошенко әйелімен болған келіспеушіліктерге байланысты қызын өз бетінше өсіру мақсатында әйелін жалдамалы қанішер көмегімен өлтіруді шешкен. Ол кісі өлтіретін адамды ұзақ уақыт іздеген, алдымен өзінің Бақтияр есімді танысына айтқан. Ол оның сөзін шын қабылдамай, бас тартқан. Содан кейін Алакөл көлінде құтқарушы болып жұмыс істейтін Матяшинге тоқталып, екі миллион теңге сыйақы ұсынған", – деп жазды Немолчикз қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

Екеуі ақылдасып, 2020 жылдың 10 қарашасында Светлананы өлтірмек болған. Алайда ең соңғы сәтте жан-жағында адамның көп болуына байланысты Матяшин қылмыс жасаудан бас тартқан.

12 қарашада Ермошенко Матяшинмен кездесіп, алдын ала 100 мың теңге берген.

13 қарашада күйеуі әйелі мен бір жасар қызын ертіп Қапшағай тас жолындағы "Магнум" дүкеніне азық-түлік алуға барған. Қайтар жолда ер адам дәрет сындырғысы келіп, жолдан 300-400 метр жерге барып тоқтаған. Көліктен 150 метр жерге кеткен. Сол уақытта Матяшин көлікті ашып, Светлананың басынан қатты соққы жасаған. Сол сәтте оның қолында бір жастағы қызы болған.

Содан кейін кеңсе пышағының жүзін пайдаланып, әйелдің денесіне 30-дан астам жарақат салған. Оның үшеуі мойын аймағына тиіп, өлімге әкелді. Одан бөлек әйелдің мұрны сынған, беті мен басынан түрлі соққы алған.


"Сол уақытта Ермошенко көлік жанына келіп, жылап жатқан қызын қолына алып, әйелінің көз алдында қайтыс болғанына қарап тұрған. Алған жарақатынан Светлана оқиға орнында көз жұмды. Матяшин оқиға орнынан бой тасалаған, алайда сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар не болып жатқанын байқап, полиция шақырған", – деп жазды Таңсәрі.


Қазір марқұмның қызын зейнеттегі ата-әжесі тәрбиелеп отыр.