Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты сот үкімі шықты

0
100

Қарағанды соты Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайын екі әйелге дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп таныды.


Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты сот үкімі шықты

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Бірнеше ай бұрын көршілер арасында болған жанжалдың соңы айыппұл салумен және моральдық залалды өтеу міндетін жүктеумен аяқталды, деп жазады inform.kz.

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық сотында Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол екі әйелге күш қолданып, дене жарақатын келтірді деп айыпталған. Істі жан-жақты қараған сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған заңда көзделген жаза тағайындады.

Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға биыл ақпан айында Майқұдық ықшамауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Сол күні сотталушы өзімен бір подъезде тұратын 81 жастағы атасына қонаққа келген. Қария көршілерімен арадағы келіспеушілік туралы айтып, олар ақсақалды балағаттайтынын жеткізген. Осыдан кейін немересі мәселені өзі анықтап алмақ болып, көршілердің пәтеріне барған.

Жәбірленушілердің айтуынша, кешкі уақытта олардың үйіне баса көктеп көрші қарияның немересі келіп, бірден дауыс көтере бастаған.

— Ол өзін таныстырғаннан кейін бірден былапыт сөздер айтып, маған айқайлай бастады. Не болып жатқанын, не үшін кінә тағып тұрғанын түсінбедім. Артынша ішімнен екі рет тепті, шашымнан ұстап, жібермей тұрды. Барлығы көзді ашып-жұмғанша болғандықтан, не істерімді де білмей қалдым, — деді сотта жәбірленуші Әсел.

Жәбірленушілердің мәлімдеуінше, жанжал кезінде сотталушының атасы да пәтерге кірген. Олардың айтуынша, ол да жанжалға араласып, Әселдің анасының басынан жұдырықпен ұрған. Әйелдер күтпеген қонақтарды әрең дегенде сыртқа шығарып, есікті жапқанымен, олар біраз уақыт бойы есікті теуіп, тоқтаусыз қаққан.

Оқиғадан кейін анасы мен қызы полицияға арыз жазып, медициналық көмекке жүгінген. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, зейнеткер әйелдің қол саусағының сіңірі үзіліп, миы жеңіл шайқалған. Ал қызының жұмсақ тіндері зақымданған.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Оның айтуынша, көршілеріне бірнеше рет шағымданған атасын қорғау үшін барған және әрекетін қажетті қорғаныс шегіндегі іс-әрекет деп бағалады.

— Атам көршілері оны үнемі қорлайтынын айтты. Арамызда сөзге келіспеушілік туындаған кезде олар бірінші болып агрессия танытты. Мен тек өзімді қорғадым, — деді ол сот барысында.

Алайда сот іс бойынша жиналған дәлелдерді зерттей келе, қажетті қорғаныс туралы уәждер өз дәлелін таппады деген қорытындыға келді.

— Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен және іс бойынша зерттелген өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді. Қажетті қорғаныс туралы айтылған уәждерге сыни баға беріліп, олардың істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтіні анықталды, — деді үкімді жариялаған Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық соттың судьясы Бақтияр Ақанов.

Сот айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған құқық бұзушылық жасалған кездегі мөлшер бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 393 200 теңге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, сот айыпталушыны әрбір жәбірленушіге моральдық залалдың өтемақысы ретінде 500 мың теңгеден төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ жәбірленушілердің өкілінің заңгерлік қызметіне жұмсалған 1 миллион теңге шығынды өтеу жүктелді. Бұған қоса, жәбірленушілер емделуге кеткен шығынды азаматтық іс жүргізу тәртібімен өндіріп алуға құқылы.

Жәбірленушілердің адвокаты Нұрсұлтан Бигожин сот үкімін ұзаққа созылған тергеудің заңды қорытындысы деп бағалады.

— Алты ай бойы кінәлі тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартуға күш салдық. Сот ұсынылған барлық дәлелдемені жан-жақты зерттеп, заңды әрі негізді шешім қабылдады, — деді адвокат.

Сот отырысынан кейін айыпталушы бұқаралық ақпарат құралдарына пікір беруден бас тартты. Сонымен қатар сот процесі барысында үкімге заңда белгіленген тәртіппен шағымдану құқығын пайдаланатынын мәлімдеді.