Олжас Бектенов қаза тапқан ферроқорытпа зауыты жұмысшыларының отбасына көңіл айтты

0
143

Бүгінгі таңда Қарағанды ферроқорытпа зауытында ТЖ салдарынан болған апаттың себептерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.


Олжас Бектенов қаза тапқан ферроқорытпа зауыты жұмысшыларының отбасына көңіл айтты

ERNUR.KZ. Олжас Бектенов Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы ТЖ салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп жазады inform.kz.

«Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы қайғылы оқиға салдарынан адамдардың қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Оқиғаның себептерін анықтау менің жеке бақылауымда. Қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі», — деді Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда Қарағанды ферроқорытпа зауытында ТЖ салдарынан болған апаттың себептерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балалары бар қаза тапқандардың отбасына асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты республикалық бюджеттен жәрдемақы және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Қаза тапқандардың отбасы сақтандыру ұйымынан төлемдер және БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алады.

Сонымен қатар жұмыс беруші компания жерлеу рәсімінің барлық шығынын, сондай-ақ келесідей міндеттемелерді:

— қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беруді;

— қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесуді;

— қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелерінің барлық несиесін толық өтеуді өз мойнына алды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті.

Олар профессор Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

Қарағанды дәрігерлеріне елордадан әріптестері көмекке келді.

Осыдан үш күн бұрын денесін 85% күйік шалған Музафар Исмаилов көз жұмған еді. Ол кеше Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылында жерленді.

Кеше денесінің 90 пайызын күйік шалған 25 жастағы Ерұлан Қазкен ауруханада жан тапсырды. Ерұлан Қайырбекұлы ферроқорытпа зауытында технолог болып жұмыс істеген.

Бүгін таңертең Қарағанды ауруханасында ферроқорытпа зауытында зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды.

Тағы төрт науқас әлі де ауыр жағдайда жатыр.