​Олжас Бектенов сенаторлардың АЭС-ті Курчатовта салу ұсынысына жауап берді

0
177

Қараша айының басында Абай облысының Курчатов қаласында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің радиациялық және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көшпелі отырысы өтіп, стратегиялық маңызы бар объектілердің қорғанысы талқыланды.


​Олжас Бектенов сенаторлардың АЭС-ті Курчатовта салу ұсынысына жауап берді

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

ERNUR.KZ. Премьер-Министр Олжас Бектенов Сенаттың бір топ депутатының Атом электр стансасын Курчатовта салу ұсынысына жауап берді, деп жазады inform.kz.
- Атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, Атом электр стансасы құрылысы үшін орынды Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылына тақау аудан белгіленді, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Айта кетейік, қараша айының басында Абай облысының Курчатов қаласында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің радиациялық және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көшпелі отырысы өтіп, стратегиялық маңызы бар объектілердің қорғанысы талқыланды.
Осы көшпелі отырыстан кейін сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Ядролық ғылым орталығы саналатын Курчатов қаласының проблемалары туралы мәселе көтерді.
- Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру мәселесі көптеген жылдар бойы көтеріліп келеді. 2012 жылы Премьер-Министрдің өкімімен ғылым қалашығы туралы заңнаманы әзірлеу бойынша ұсыныс дайындау мақсатында жұмыс тобы құрылған болатын. Сонымен қатар, «Курчатов ғылыми қалашығы» кластерінің тұжырымдамасы және «Ғылымды қажет ететін аумақтар туралы» заң жобасы да әзірленді. Шын мәнінде, Курчатовтың ғылыми қалаға айналуына барлық негіз бар, бірақ мәселе бүгінгі күнге дейін шешілген жоқ. «Ғылым туралы» арнайы заңның қабылдануы Курчатов қаласының өзін де, онда орналасқан ғылыми орталықтарды да дамытуға қуатты серпін береді деп сенеміз. Осылайша, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «моноқалаларға дем беру» және «өңірлерді белсенді дамыту» туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, - деді сенатор Лукин.
Сондай-ақ ол бір топ сенатордың атынан АЭС-ті Курчатов қаласында салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын.