Ондаған миллионын құйып, пәтерсіз қалған үлескерлерді сот жәбірленуші ретінде танудан бас тартқан

0
718

Құрылыс төңірегінде тағы да дау шықты.


Ондаған миллионын құйып, пәтерсіз қалған үлескерлерді сот жәбірленуші ретінде танудан бас тартқан

Астаналық әкімдік құрылыс компаниясының қитұрқылығының кесірінен қазынаның миллиардтаған қаржысынан айрылып қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасы «Заң сөйлесін» бағдарламасына сілтеме жасап.

Әкімдіктің қызметкерлері үшін тұрғын үй тұрғызуға тиіс болған компания міндеттемесін толық орындамаған. Ақыры ақша да, үй де жоқ. Одан бөлек, жүздеген адам алданып қалғанын айтуда.10 жыл бұрын үлескер ретінде құрылыс компаниясына жиған-терген ақшасын бергендер әлі күнге баспанасының құжатын ала алмай, сенделіп жүр..

Ел астанасындағы аталмыш үлескерлік құрылыстың тарихы 2006 жылдан басталады. Сол жылдың мамырында «Корпорация Ремас» ЖШС-мен «Тамыз Инвест Групп» акционерлік қоғамы бірлесіп, жұмыс істеу туралы келісімге қол қояды. «Ремас» корпорациясы осы арқылы қаладағы үлескерлік құрылыс нысанын аяқтауға үміттенген.


«Бұл келісімге сәйкес, құрылыс аяқталған соң пәтердің 90 пайызы әріптесіміз «Тамыз Инвест Групптың» үлесіне беріліп, қалған 10 пайызын біз алуымыз керек еді. Оның сыртында олар құрылысты бастаған кезде жұмсаған 300 мың АҚШ доллары көлеміндегі шығынымызды өтеуге міндеттеме алған болатын», - дейді «Корпорация Ремас» ЖШС басшысы Зулейха Амидова.


Келісім бойынша «Тамыз Инвест Групп» бұл үйді 2007 жылдың 3-ші тоқсанында пайдалануға беруі тиіс еді. Бірақ құрылыс ұзақ жылға созылып кетеді. Межелі мерзім жеткен сайын компания оны ұзартуды сұрап, енді келесі жолы бітіріп беруге уәде ете берген.


«Осылайша, біз олардың құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсатын қолдан жасағандарын білдік. Яғни, оларда құрылыс салуға мұрсат беретін лицензия болмай шықты. Ал бірақ олар осы нарықта жұмыс істеді» - дейді «Корпорация Ремас» ЖШС басшысы Зулейха Амидова.


2011 жылдың қыркүйек айында сот дауы кезінде құрылысты аяғына жеткізбей, шала-шарпы аяқтаған компания 1 күннің ішінде әріптес-компания «Ремасқа» тиесілі пәтердің барлығын сатып жібергені анықталған. Мұндай заңсыз әрекеттен бірінші кезекте қарапайым үлескерлер жапа шеккен. Мұндай далада қалған үлескерлердің жалпы саны жүзге жуық. Олар 8 жыл бұрын наразылық шарасына да шыққан еді. Алданған үлескерлердің бірі Айгүл Атаханова 2007 жылы «Ремас» корпорациясынан 12 млн теңгеге пәтер сатып алады. Кейін «Тамыз Инвест Групптың» пәтерді өз бетімен сатып жібергені белгілі болады.Үлескерлік келісімшарттың қолында болғанына қарамастан, сот оны жәбірленуші ретінде танудан бас тартқан.


«Баратын жеріміз жоқ, кәмелет жасына толмаған үш балам бар. Жиған-тергенімізді осы үйге салдық», - дейді Айгүл Атаханова.


Дәл осындай жағдайға тағы бір үлескер Байгери Бациев тап болды. Ол «Ремас» корпорациясынан 19 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер сатып алған. Ақырында не баспанасыз, не ақшасыз далада қалды. Оның да пәтерін «Тамыз Инвест Групп» әлдекімдерге сатып жіберген. Байгериді де сот жәбірленуші ретінде танудан бас тартқан


«Пәтерді басқа адамдарға сатып жіберген. Өз пәтерімді ала алмай жүрмін. Заң әділетті болуы тиіс», дейді Байгери Бациев.


Үлескерлер құқықтарын қорғау үшін бірнеше заңгер жалдаған. Заңгерлер де істі қараған судьялар заңды аяқасты етті деп санайды.


«Біздің түсінбейтініміз: не себепті келісімшарттар заңды түрде жасалғанына қарамастан, жәбірленуші ретінде өзінің пәтерін ала алмай жүр? Қазір біз Жоғарғы соттың әділ шешім шығаратынына сенеміз», - дейді заңгер Айдар Медеев.


Бір қызығы, үлескерлерді жәбірленуші ретінде танудан бас тартқан сот ақырында «Тамыз Инвест Групп» компаниясының басшыларын ұзақ жылға соттады. Алайда бұл жайт «Ремас» компаниясының пәтерсіз қалған үлескерлерінің жағдайын жеңілдетпеді.