Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмысының негізгі бағыттарының бірі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.
ERNUR.KZ. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында комитет басшысы Мейрамбек Ахметов кәсіпорындарда жазатайым оқиғаларды тіркеу кезінде қандай шаралар қабылданатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, зардап шеккендердің саны көп саланы белгілеп, кәсіптік тәуекелдерді бағалау тәртібі туралы айтып берді.
Спикердің хабарлауынша, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Комитет жазатайым оқиғаларға қатысты 910 арнайы тергеу жүргізді. Аталған кезеңде еліміздің барлық кәсіпорнында 1029 қызметкер зардап шекті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға аз. Олардың 145-і қайтыс болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға төмен.
«Өкінішке орай, бұл ретте бірқатар өнеркәсіптік индустриялық өңірде жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталып отыр. Атап айтқанда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында. Кейбір аймақтарда, керісінше, мұндай жағдайлардың төмендеуі байқалады. Абай және Батыс Қазақстан облыстарында көрсеткіш 50%-ға төмендеді. Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Астанада да төмендеу тіркелді», – деп атап өтті спикер.
Зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібінде, құрылыс және мұнай-газ салаларында жұмыс істеді.
«Егер арнайы тергеу жүргізу барысында өрескел бұзушылықтар анықталса, оларға қатысты іс материалдарын процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолдаймыз. Биыл 730 материал құқық қорғау органдарына жіберілді. Оның ішінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде 211 материал тіркелген. Сот үкімдерімен 15 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деп түсіндірді Комитет басшысы.
Мейрамбек Ахметов заңнамаға сәйкес барлық жұмыс беруші қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті екенін еске салды. Бұл жұмыс комитеттің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңда 175 мың белсенді заңды тұлғаның 113 мыңы шарт жасасты.
«Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру да қызметкер үшін кепілдік шараларының бірі болып табылады. Егер ол жұмыста өндірістік жарақат алса, сақтандыру компаниясы белгілі бір төлемдерді төлейді», – деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар кәсіпорындар мен ұйымдарды халықаралық бастамаларға тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Vision Zero нөлдік жарақат тұжырымдамасына ел бойынша 610 кәсіпорын қосылды.


